Павлодарда әлеуметтік азық-түлік қымбаттамайды

Өңір басшылары азық-түлікті қымбаттатпауға күш салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл үшін 1,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Оған 6 мың тоннадан аса 10 түрлі азық түрі сатып алынып, қорға жиылды. Шенеуніктер енді күнбағыс майы, қарақұмық жармасы, тұз және көкөніс түрлерінің бағасы өспейді деп уәде етті.

Павлодар облысында 13 түрлі әлеуметтік азық-түлік арзан бағамен саудаланады, яғни тауар бағасы республикалық деңгейден төмен. Өңірде нарықтағы бағаны реттеу үшін тұрақтандыру қорының жұмысы жіті бақылануда. Тұтынушылар арасында жоғары сұранысқа ие тауарға басымдық берілген.

– Бағасы шарықтап кеткен өнімдер бар. Қолжетімді бағалар да бар, әрине. Нан бағасы қолжетімді мәселен. Жарма, күнбағыс майы енді қымбат.

– Өз басым баға айрымашылығын байқамадым. Әлеуметтік дүкен мен қарапайым сауда нүктесіндегі баға бірдей сияқты. Оған қоса, тауар кей кездері тез таусылып қалады.

Қазіргі уақытта нарықта сүт өнімдері, жұмыртқа сияқты тауар түрлері қымбаттап кеткен. Оны реттеу үшін қорға дәл осы өнім жеткізілмек. Тұрақтандыру қорында азық-түліктің алты мың тоннасы бар.

Данияр Рамазанов, Павлодар тұрақтандыру қоры департаментінің басшысы:

– Сауда нысандары тұрақтандыру қорынан алынған өнімнің бағасына 10% үстеме қосады. Қорға жергілікті тауар өндірушілерден ай сайын 182 мың жұмыртқа сатып алынады. Қосымша тағы 300 мыңнан астам данасын жеткізу бойынша келісімшарт жасалуда. Сонымен қатар, майлылығы 2,5 процент болатын сүт пен айран сатып алынбақ. Нақтырақ айтқанда, 185 мың литр сүт пен 30 мың литр айран жеткізіледі.

Бағаны тұрақтандырудың тиімді құралы «айналым схемасы» механизмі. Оның шеңберінде кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген қарыз беріледі. Бұл бағытта 1,3 млрд. теңге берілген.

Дәулен Қабдушев, облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:

– Тауар өндірушілер мен сауда желілеріне жеңілдетілген қарыздар ұсынылады. Бұл механизм аясында 1 млрд. теңге қарастырылған. Кәсіпкерге алты айлық мерзімге 3 проценттік жылдық мөлшерлеме бойынша несие беріледі. Бүгінгі күні осындай жеңілдік алты кәсіпорынға жасалды. Осылайша баға тұрақты сақталады.

Өнімдер әлеуметтік дүкендер желісі бойынша босатылуда. Бүгінде қор 200-ге жуық сауда нүстесімен келісімшартқа отырған. Саудаланып кеткен тауардың орны толықтырылып отырады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков