Қызылорда тұрғындары жарық пен жылусыз қалды

Қызылордада кеше кешкілік бірнеше шағын аудан екі сағаттан астам жарықсыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Одан бөлек энергия тарататын мекемеге қарасты автономды қазандықтың жұмысында кідіріс болып, біраз үй жылудан да ажыратылды. Мамандар жарықтың кенеттен сөнуі «KEGOC» компаниясы тарапынан енгізілген шектеулерге байланысты деп отыр.

Ұлттық оператордың мәліметінше, қуат өндіруші станцияларда өндіріс көлемінің қысқаруына байланысты оңтүстікте электр жарығының жетіспеушілігі туындап отыр. Облыстың жалпы электр энергиясын тұтыну көлемі шамамен 172 мегаватт болса, соның 29%-ін Қызылорда жылу электр орталығы, 6 процентін жеке серіктестік өндіреді. Ал қалған қажетті 111 мегаватт өңірге басқа аймақтардан алынады. Сондықтан Қызылорда облысы сыртқы электр энергиясын өндіруші көздерге тәуелді.

 Мұхитжан Кәрімбаев, «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ басқарма төрағасы:

– Бүгіннен бастап Жамбыл электр станциясынан электр энергиясын алуға болады деп жатыр. Бірақ оның бағасы қымбаттау. Қазір соны талқылап, содан электр энергия алып, қамтамасыз етуге тырысамыз. Әрине газдың мәселесін де шешу керек. Үкімет деңгейінде шешілетін мәселе. Оның басқа жолы жоқ.