Ауыл әкімін сайлау халық тұрмысына қалай әсер етті?

Ауыл әкімдерінің атқаруға тиіс міндеттері нақтыланып, қайта жасалуы керек. Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері елордада бас қосып, әкім сайлауы ауыл тұрғындарының тұрмысына қалай әсер етті? Сайлау барысында қандай мәселелер орын алды? Осыған қатысты Ұлттық кеңес мүшелері ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмін жетілдіру бойынша бір топ ұсыныс дайындаған болатын. Жиынға кеңес мүшелерімен қатар мәжіліс депутаттары, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар қатысты.

Сарапшылардың пікірінше ауыл әкімін тікелей сайлауға қатысты халық жағымды пікірде. Елді мекендерде саяси партиялардың белсенділігі артқан. Үміткерлер де мәселені шешуге қатысты нақты ұсыныстар жасауға бейімделді. Ал тұрғындар туған туысына бұра тартпай, жауапкершілікті сезініп, қолынан іс келетін үміткерді қолдауға дағдыланды.

Марат Башимов, Еуропалық құқық және адам құқығы институтының директоры:

– Осы сайлауда кейбіреулер трайбализм болуы мүмкін деп ойлаған. Ру-руға бөліну, мәжбүрлеу сияқты әрекеттер болады деп болжаған. Ондай нәрсе болған жоқ. Бәрі құқықтық түрде өтті. Қазір халықтың сана-сезімі жоғары деңгейге көтерілді. Сол үшін ешкім оны алдай алмайды. Барлығының әділетті түрде, ашыө өткенін қалаймыз.

Ел президентінің көмекшісі, әрі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Қариннің айтуынша саяси бастамаларды жүзеге асыру аясында қазіргі таңда 10 заң қабылданды. Ауыл әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру мақсатында сайлау заңнамасына да тиісті өзгерістер енгізіліп, ауылдық жерлерде, тікелей сайлау өткізіле бастады. Соның нәтижесінде бүгінгі күні 820 ауылда, әкім сайлауы өтті. Сайланғандардың 51 проценті бұрын, бұл қызметті атқармаған жаңа адамдар. Сарапшылар енді ауылдарға саяси өзгеріспен қатар экономикалық қолдау қажет деген ұсыныстар айтты.

Ерлан Саиров, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Халықтың осы әкімдерді сайлаудағы оптимизмі өсіп отыр. Екіншіден, халықтың өзі жауапкершілікті сезініп отыр. Және ең негізгісі осы сайлау өткеннен кейін сол әкімдердің экономикалық негізін жасап беру керек. Яғни белгілі бар салық мөлшерлері жергілікті әкімдікте қалуы керек. Бұл мәселе де заңда қарастырылған. Менің ойымша біз Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа жүйесін қалыптастырудың алдында тұрмыз.

Сондай-ақ...