Шахтада қаза тапқан кеншілер жер қойнына тапсырылды

«Абай» шахтасында болған апаттан қаза тапқан 6 кенші бүгін жер қойнына тапсырылды.

Марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салуға туған-туыстары, дос-жарандары, әріптестері түгел жиналды.

Еске салсақ, осыдан екі күн бұрын аталған кеніште, метан газы шектен тыс көбейіп, 8 кенші уланып қалды. Алтауы көз жұмып, екеуі ауруханаға жеткізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайы тексерліп жатыр. Ал қара жамылған отбасыларына компания барынша, материалдық көмек көрсетпек. Марқұмдардың 10 жылғы жалақысы беріліп, балаларының оқу ақысы төленеді. Сондай-ақ несиесі болса, жауып беруге әзір.

Евгений Миропольский, кенші:

– Өте еңбекқор, адал, керемет азаматтар еді. Марқұмдардың жатқан жерлері жарық, топырағы торқа болсын. Кейбірі қыршын кетті, еңбекке енді ғана араласқан жастар еді. Қазір шахта жұмысы уақытша тоқтап тұр. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр, барлығы әділ өтеді деп үміттенеміз.