Семейде «Жануарларға жәрдемдес!» акциясы ұйымдастырылды

Семейде «Жарамсыз бұйымдарды жина да, жануарларға жәрдемдес!» атты акция басталды.

Қайырымдылық шарасын жергілікті кәсіпорын ұйымдастырған. Олар жарамсыз болып қалған тұрмыстық қалдықтарды жинап, түскен қаржыны арнайы құрылған қорға аудармақ. Жастардың бұл бастамасы жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Қазір қала тұрғындары жарамсыз қағаз, картон және пластик бұйымдарын тапсырып жатыр. Түскен қаражат ит пен мысық уақытша паналайтын орындардың мұқтажына жұмсалмақ. Акция ай соңына дейін жалғасады.

Нұрлан Олжаев, қала тұрғыны:

– Қаңғыбас иттердің тағдырына бей-жай қарай алмаймын. Сондықтан азаматтық ұстанымымды көрсетіп, осы керексіз заттарды тапсырып жатырмын. Қала тұрғындарын да бұл қайырымды істен шет қалмауға шақырамын.

Анель Кемірбаева, акцияны ұйымдастырушы:

– Қазір күн суытты ғой. Ал көшеде қараусыз қалған жануарлардың қарасы көп. Сол себепті тұрғындардан қайта өңдеуге жататын шикізатты жинап, түскен қаражатты осы жануарларды қорғау қорына аударуды жөн көрдік. Сонымен бірге жарма, қарақұмық пен күріш секілді азықты да қабылдаймыз.