Заңсыз майнерлер электр қуатын «ұрлап» жатыр – сарапшы

Елдегі энергия тапшылығына көлеңкелі бизнес кінәлі. Яғни, заңсыз майнерлер 250-ден 450 мегаваттқа дейін энергия тұтынады. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, елде тұтыну көлемі былтырғыдан арта түскен. 

Еліміздегі заңды майнинг фермалар шамамен 525 МВт энергия тұтынады. Бірақ мамандар қосымша 1200 МВт қуаттың ысырап болғанын байқады. Бұл көлеңкелі майнерлердің тірлігі. Қытайда криптовалютаға түбегейлі тыйым салынуы нәтижесінде ондағы өндірушілер біздің елге үдере көшкен. Салдарынан елдегі энергия тұтыну көрсеткіші бір жылда 8 процентке артқан.

Жақып Қайрушев, Қазақстан энергетикалық қауымдастығының құрметті энергетигі:

– Майнингтік дата орталықтардың 40 проценті көлеңкелі қызмет атқарады. Олар белгісіз ғимараттарды паналап, қыруар энергияны заңсыз тұтынып жатыр. Бұл сұмдық қой. Елдегі қысқа арналған энергия қоры 2,3 гигават еді. Оның көп мөлшерін алаяқтар жейді деген сөз. Энергетика министрлігі мен желілік операторлар тарапынан қауырт уақытта Ресейден келетін энергияны алу ұсынылды. Көлеңкелі майнерлерге заңды есептеу құрылғысын орнату талап етілді.

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, елдегі көлеңкелі майнерлер 250-ден 450 мегаваттқа дейін энергия тұтынады. Олардың есебінше жыл басынан бері криптовалюта өндірісіне сағатына 83 киловатт қуат жұмсалған. Салдарынан елде энергия тапшылығы сезіліп жатыр.

Мұрат Жөребеков, ҚР энергетика министрінің бірінші орынбасары:

– Елде 50 майнингтік дата орталық бар. Олар заңды түрде жұмыс істеп жатыр. Көлеңкелі субъектілері де бар. Ай сайын олардың саны артып жатыр. Көбі Қытайдан ауып келген. Генерацияны реттеу үшін 5 жылдай уақыт керек. 1,5 млрд АҚШ доллары қажет. Осы көлеңкелі майнерлердің келуі энергия тапшылығына алып келді.

Электр желілерін басқарушылар да генерацияның әлсіздігін алға тартты. Қазір олар энергия үнемдеу үшін күн сайын майнингтік фермаларға 300 мвт-қа дейін энергия шектеп отыр. 

Бекжан Мұқатов, «KEGOC» АҚ филиалының бас диспетчері:

– Генерацияның жетіспеуінен тұтынушыларға, оның ішінде заңды тіркелген майнерлерге энергия жетпей жатыр. Оған, әрине, майнингтің қатты өсіп кетуі себеп. Электр стансаларында апаттық жағдайлардың жиілеуі салдарынан тапшылық сезілуде. Демек, тұтынуды азайту керек.

Алдағы бес жылда заңды майнерлер қазынаға 27 млрд теңге миллиард теңге құяды. Қазірдің өзінде олар жыл сайын тұтынатын электр қуаты үшін 300 млн доллар төлеп отыр.

Алан Дорджиев, Қазақстандағы блокчейн және дата орталықтар индустриясының президенті:

– Майнингтік жабдықтар айына 2000 кВт/сағ энергия жейді. Сізде үш құрылғы болса, онда 6000-ын сарп етесіз. Бірақ заңсыз майнерлерді анықтау оңай шаруа емес. Энергия көп шығындалған әр есікті қағу мүмкін емес. Жалпы елдегі алғашқы майнинг фермалары 2018 жылы салынды. Олардың ішінде өзін ақтамағандары бар. Осылар келесі жылдан бастап ірі көлемде салық төлейтін болады. Қазірдің өзінде әрбір заңды кәсіпкер 200-ден аса жұмыс орнын құрып, оларға 450 мың теңге көлемінде еңбекақы төлеп отыр.

Қазақстан криптовалюта өндіру бойынша екінші орында тұр. Шығын мен кіріс тартысып жатыр. Бірақ мамандар бір жүйеге келуді көздейді. 1 қаңтардан бастап әрбір 1 киловатт саған үшін майнингтік фермаларға 1 теңге көлемінде салық салынады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшабаев