Атырауда нан бағасы қымбаттады

Бұған дейін 95-100 теңгеден сатылып келген ас атасы қазір 115 теңгеге дейін көтерілген. Қымбатшылықтан қажыған жұрт не істерін білмей дал. Ал жауаптылар нан бағасы тағы өсуі мүмкін дейді. Бағаны тұрақтандыру шаралары неге мардымсыз?

Кеше мұнайлы өңірде сұйытылған газ бағасы өссе, бүгін нан қымбаттады. Баға әлі тұрақталған жоқ, өсіп жатыр. Шаһардағы асханалар желісінің иесі Венера Елеусінова қазіргі қымбатшылықтың қалтаға салмақ салғанын айтады. Соның салдарынан ұн өнімдерінің бағасын көтермеске амалы жоқ.

Венера Елеусінова, жеке кәсіпкер:

– Қымбатшылық қатты сезіліп тұр. Ұн, макарон өнімдері де өте қатты қымбаттап кеткен. Екі есеге өсті деп айта аламын. Себебі бұрын 10 кг ұнды 1000-1100 теңгеге алсам, қазір ол ұныңыз 2400 теңге. Ең арзаны бұл. Ең қымбаты 3350-ге дейін жетеді.

Мұнайлы өңірде 16 наубайхана бар. Оның 10-ы облыс орталығында орналасқан. Наубайханашылардың да жағдайы мәз емес. Ұн қымбат. Қордағы арзан ұн таусылған көрінеді. Былтыр мемарандум арқылы алынған 10 мың тонна астық таусылыпты. Енді келгенінің құны қымбат.

Аманкелді Саламат, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Осыған дейін Орал қаласындағы Желаев ұн комбинатынан алып отырған 1кг ұн 155 теңге болса, қазір 165 теңгеге көтерілді. Соңғы кезде жанар жағар майдың қымбатсуы, электр энергиясының қымбатсуы салдарынан бірте бірте нан бағасын өсіруге мәжбүр болып отыр.

Қазір жанар-жағармай бағасы да, тасымал тарифі  көтеріліп барады. Ауыл шаруашылығы басқармасы нанның тағы да қымбаттауы мүмкін екенін жасырмайды. Жауапылар алдағы 2 ай көлемінде бағаны тұрақтандырып, одан әрі өсуіне жол бермейміз дегенмен, әлі күнге наубайханалармен меморандум жасалмаған. Сондықтан нақты шаралар қолға алынбай, баға тұрақтайды дегенге сену қиын. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин