Жамбыл облысында жаңа саябақ ашылды

Жамбыл облысы Қаратау қаласында жаңа саябақ пайдалануға берілді.

Демалыс орны Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шағын шаһар тұрғындарына тамаша тарту болды. Заманауи үлгідегі саябақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған. Салтанатты түрде ашылған саябаққа Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл деген атау берілді.

Қаратаудың бұл ауданы тоқырау жылдарынан бері қараусыз қалған еді. Тау болып үйілген құрылыс қалдықтарының қазір ізі де жоқ.  Айнала тазартылып, толықтай абаттандырылды. Соның арқасында тұрғында  бір мезгіл демалып, тынығатын тағы бір орын пайда болды.

Айзада Шатқалбаева, Қаратау қаласының тұрғыны:

– Ағаштар өсіп кеткен. Батпақ болып кеткен. Аяқ алып жүре алмайтынбыз. Қазіргі жағдайы өте керемет. Балалардың ойнауына да, бізге де өте жақсы. Балаларымыз да қуанып жатыр. Жақсы көңіл-күйдеміз. Үлкен рахметімізді айтамыз.

Лес Нұрұлы, Талас ауданының құрметті азаматы:

– Балалар үшін де, үлкендер үшін де үлкен игілікті іс болып отыр. Немерелерін шөберелерін ертіп келіп осы жерде демалып жас балалар алаңда ойнап футбол ойнап, тренажерларда спорттық нәрселерін көрсетуге үлкен әсері болады деген ойдамыз. Осындай игі істердің көбейе беруіне біз әр уақытта тілектеспіз.

Саябақта футбол, баскетбол, стрит варкаут сияқты спорттық ойын алаңдары  бар. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар ағаш егіліп, төңірегіне толық жарықшамдар орнатылды. Мұндай игі істер келер жылы да жалғасын таппақ.

Нұрхан Нұрланов, компанияның бас директоры:

– Біздің компания әлеуметтік жобаларға ерекше көңіл бөліп келеді. Биыл жыл соңына дейін нақты бірнеше нысанды пайдалануға беру жоспарда. Оның ішінде жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне басымдық беріліп отыр. Алдағы уақытта 72 отбасыға пәтер беріледі.

Айта кету керек, химия өндірісінің алыбы саналатын компания жылдың аяғына дейін Тараз қаласындағы жағажайдың құрылысын бітіріп пайдалануға бермек. Ал келесі жылы Жаңатас қаласында 225 пәтерлі бірнеше тұрғын үйдің клті табыс етіледі.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә