Алматыда қуыршақтар көрмесі өтіп жатыр   

Алматыда қуыршақтар көрмесі өтіп жатыр   

Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында қуыршақтар көрмесі өтіп жатыр. Мәдени шараны ұйымдастыруға Ресейдің Бас консулдығы мұрындық болған. Көрме адамзаттың ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуына және Михаил Булгаковтың 130 жылдығына арналған. 

«Мәңгілік біргеміз» атты қуыршақтар көрмесі биыл бесінші рет өтіп отыр. Көрменің биылғы тақырыбы – «Алыс және жақын жұлдыздар» деп аталады.

Гүлденай Бекбаулиева, Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайының қызметкері:

– Көрмеге қуыршақ өнерінің түрлі бағытын көрсететін жүзден астам шеберлердің және шығармашылық бірлестіктердің жұмыстары қойылған. Және де осы кезге дейін өткен 4 жылдық көрмеде Қазақстан, Ресей, Белгия, Белоруссия, Түркия, Франция сияқты елдердің 120 жуық қуыршақ шеберлерінің жұмыстары қойылған болатын. Және 30 000-нан астам көрермендер тамашалаған еді.

Көрменің ресми кейіпкері – көкшетаулық шебер Анастасия Елисееваның «Гагарин ғарышта тұңғыш рет» деген қуыршағы. 60 жыл бұрын Гагариннің өзі ғарышқа сапар шексе, енді биыл желтоқсан айында қуыршақ Гагарин алыстағы ғарышқа аттанбақ. Шеберлердің әр жұмысы жақсылап назар аударуды, зер салып, зерттеуді талап етеді. Келген жанның әсер алмай қайтқаны жоқ.

Айлара Жаппарова, суретші:

– Мен қуыршақ жасай алмаймын өзім. Сондықтан маған осы жұмыс ерекше болып көрінеді. Себебі адамдар өз қолымен жасаған. Мен үшін бұл үлкен маңыз білдіреді. Осы қуыршақтар өте ұнады. Себебі олардың әртүрлілігі, бір-біріне ұқсастығы, бір адам жасағаны көрініп тұр.

Еламан Тілеубаев, көрмеге келуші:

– Мен басқа саланың адамымын. Бірақ маған адамдардың осындай өнер туындыларын жасай алатыны қызық боп тұр! Қалай қолдарынан келеді екен? Қуыршақ арқылы өмірге көзқарастарын, эмоцияларын да жеткізіп тұр ғой олар.

Мұнда әр заманның кейіпкерлері жиналған. Бір қуыршақ әдемі болса, бірі қорқынышты. Бірақ бәрі тартымды. Мына қуыршақтарға қараңыз. Киносын көргендер байырғы танысын көргендей қауқылдасып қалады. «Иван Васильевич кәсібін ауыстырады» енді қуыршақтар арасында.

Алиса Меңдіғалиева, қуыршақ жасау шебері:

– «Уақыт машинасы» деп аталатын бұл композицияға 2 ай уақыт жібердім. Әр түрлі базарлардан әр түрлі материалдар жинадым. Бөрікті жезден иіп жасасам, қуыршақтың өзі қақталған балшықтан, көзі әйнектен жасалды. Аквариумға ауа жіберіп тұратын құрылғы бұнда бұрқылдатып, көбік шығарып тұр. Шамын да жағуға болады. Кинодағы көріністі дәл беруге тырыстым.

«Уақыт машинасын» құрастыруға тек шеберлік қана емес, білім де керек. Алиса Меңдіғалиеваның қуыршақ өнерімен айналыса бастағанына екі жылдың жүзі болыпты. Адам есейген сайын бала кезін сағынады. Қуыршақпен ойнайтын алаңсыз күндерін ойлайды. Бұл көрме сізді сол алыста қалған балалық шаққа апарып, сәнімен, салтанатымен тамсантып келеді. Ернін шүршитіп, смартфонға суретке түсейін деп отырған әже мен оны түсіріп тұрған ата да сіз үшін бейтаныс емес. Қуыршақтай жұтынған қуыршақтарды көргіңіз келсе, 14 қарашаға дейін көрме есігі айқара ашық.

Авторлары: Кәмшат Әбілқызы, Кенже Амраев