Жарық беретін компаниялар электр қуатын үнемдеуге көшті

Шымкентте газ жетіспеушілігінен электр қуатын тұтыну көлемі артқан. Қазір жарық беретін компания энергия үнемдеуге көшіпті. Еліміздің шығысында да осыған ұқсас жағдай. Кейінгі күндері 8 мыңнан астам тұтынушы 2 сағат бойы жарықсыз отырған.

Шымкенттің әр шағын ауданында жарықты әртүрлі уақытта өшіреді. Осылайша компания электр энергиясын үнемдемекші екен. Тұрғындар электрден қуат алатын жылу жүйесін қолдана алмай отырмыз -деп ашынады. Зейнеткер Құдайберген Жанұзақов: бірнеше сағат бойы қараңғыда отыру қиын- дейді. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы мегаполисте газ тапшылығынан жарықты жиі өшіретіндерін  хабарлаған. Айтуларынша,  соңғы уақытта энергияны тұтыну көлемі көбейген. Осыған байланысты кернеу жүктемесін азайтып ,реттеуге тура келіпті.

Құдайберген Жанұзақов, Бадам шағын ауданының тұрғыны:

– Таңертең өшеді, содан кешке дейін жарық болмайды. Кешкі 8-10 дарға свет береді. Енді біз ойлаймыз анау ремонт-жұмыс болып жатса керек деп. Сөйтсек бүгін светшілер келіп жоқ деді Шардарада су аз болғаннан электрастанцияның күші жетпей жатыр деді. Ертең балдар мұздап жаурап қалмасын деп генератор әкелейін деп отырмын.

Шығыс Қазақстанда алдымен Шемонайха ауданында  аяқ астынан жарық өшті. 8 мыңға жуық абонент екі сағат бойы жарықсыз қалды. Оның 80 проценті заңды тұлғалар. Ресми мәлімет осылай. Дегенмен Алтай және Глубокое ауданынан да шағымданғандар бар.Электр энергиясын тасымалдайын компания өкілдері, «облысты электр қуатымен жабдықтаушы кәсіпорынның сұранысы мен тұтынушылардың нақты тұтыну мөлшері сәйкес емес»- дейді. Сондықтан олар өз тараптарынан техникалық шаралар қолдануға мәжбүр екен.

Анатолий Тюменцев, «Электр тораптарын басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» АҚ ШҚО филиалы жөндеу-диспечерлік орталығының бастығы:

– Норма мен тұтынушылардың шынайы қолданысы арасында сәйкестік бұзыла берсе, мұндай уақытша өшірулер әлі де қайталануы ықтимал. Күні бұрын Шемонайха ауданы мен Семей аймағында шектеулер жасалды.

 Ал энергиямен жабдықтаушы мекеме өкілдерінің өз уәжі бар. Олар біз қажетті электр қуаты мөлшерін сатып алуға дайынбыз,алайда елдегі станциялар ол сұранысымызды қанағаттандыра алмайды дейді. Салдарынан осындай жағдай туындаған. Қазір таңғы 7:00-ден 11:00-ге және кешкі 17:00-түнгі 23:00-ге дейін шектеулер болуы ықтимал екендігі жайлы хабарлама таратылды. Дегенмен маңызды әлеуметтік нысандарда бұндай келеңсіздік болмайды деп сендірді мамандар.

Авторлары: Эльмира Ахметова.Нұрсұлтан Мұхамеджанов Жігер Бабаханов

Сондай-ақ...