Атырауда ауылдар жарықсыз қалды

Өткен демалыс күндері Атырау қаласы маңындағы 10 мың тұрғыны бар 6 ауыл жарықсыз қалды.

Атап айтқанда, «Водинково-1 және 2, «Тасқала» ықшам ауданына қарасты төрт елді мекен 7 сағат бойы электр энергиясынан ажыратылды. Себебі жол құрылысын жүргізіп жатқан мекеме ешкімге ескертпестен жұмыстарын бастаған. Салдарынан жол іргесінде 70 см тереңдікке көмілген екі бірдей жоғарғы кернеулі жер асты желісін үзіп, оны ешкімге хабарламапты. Қазір апаттық жағдай қалпына келтіріліп, ауылдар электр желісіне толықтай қосылды. Ал жауапсыз жол жөндеушілерге қатысты арнайы комиссия шешім шығарады.

Мұхтар Сағындықов, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

– Бәрі жер астымен жүреді. Бұрын бір кабель кеткен жағдайда резервтік кабельмен ток көзін беретінбіз. Бірақ мына жағдайда резервтік жүйенің де үзілуіне байланысты ток көзін беруге мүмкіндік болған жоқ. Сол себепті халық жарықсыз отырғанын түсіне отырып, күні-түні жұмыс істедік. Сағат 16.30 өшті, кешкі 11:30 жарық берілді.