Жүгіру тәнді де, жанды да сауықтырады – марафоншы

Жақында «100 шақырым +» жалпы республикалық онлайн челленджінің жеңімпазы белгілі болады. Алғашқы жүздіктің қатарында алматылық Бауыржан Жамалиев те бар. 39 жастағы азамат бір айда 200 шақырым жүгірген.

Бауыржан Жамалиевтің спортты серік еткеніне көп болмапты. Алғашында артық салмақтан арылу мақсатында жүгіруді бастаған ол уақыт өте келе спортпен тұрақты айналыса бастайды. Нәтижесі де жаман емес. 7 айда 8 келі салмақ тастапты. «Қазір жүгіру менің күнделікті әдетіме айналды», - дейді әуесқой спортшы.

Бауыржан Жамалиев, әуесқой спортшы:

– Мен бұл нәтижемен тоқтап қалмаймын. Ары қарай жүгіруді жалғастырамын. Рас, алғашында қиын болды. Бір шақырым да жүгіре алмай, ентігіп қалатынмын. Бірақ бірте-бірте қашықтықты ұлғайттым. Қазір жартылай марафонды еңсердім. Ендігі мақсатым қалалық марафонға қатысу.

Бауыржан Жамалиев, қайырымдылықпен айналысады. Түрлі қиындықтарға тап болған жандарға көмек қолын созады. «Жақында басталған жүгіру челленджі бұл спорт түріне деген қызығушылығымды одан ары арттырды», - дейді ол.

Сөйтіп бір айдың ішінде 200 шақырымды бағындырып, алғашқы жүздіктің қатарына енген.

Бауыржан Жамалиев, әуесқой спортшы:

– Жүгіргісі келсе де, бастай алмай жүргендер көп, әрине. Мен өзім де еріншектіктен көп уақыт жоғалттым. Ең басында табандылық танытса, ары қарай қиын емес. Жүгірудің пайдасы көп. Тәніңді ғана емес, жаныңды да сауықтырасың.

Жалпы республикалық жүгіру челленджі қараша айының соңына дейін жалғасады. Ал жеңімпазды желтоқсан айында генератордың кездейсоқ саны анықтамақ. Бас жүлде – бір жарым миллион теңге.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов