Сыр өңірінде сағаттап жарықсыз қалу жиілеген

Қызылорда облысында да жарық жиі сөнді. Облыс орталығында тұрғындар сағаттап жарықсыз отырды. 

«KEGOC» компаниясы энергия тұтынуға шектеу енгізген. Ұлттық оператордың мәліметінше, энергия өндіруші станцияларда өндіріс көлемі қысқарып, салдарынан оңтүстік аймақтарда электр тапшылығы сезіліп жатыр.

Жарық жиі сөнетін ауданның бірі Сырдарияның сол жағалауында орналасқан. Мұндағы үйлердің ерекшелігі әр пәтер автоматты газ қондырғысы арқылы жылытылады. Алайда тың жобаның шикілігі көп болып шығып, электр тоғы болмаса жылу беру жүйесі де тоқтайды.

Облыстың жалпы электр энергиясын тұтыну көлемі шамамен 172 мегаватт болса, соның 29%-ін Қызылорда жылу электр орталығы, 6%-ін жеке серіктестік өндіреді. Ал қалған қажетті 111 мегаватт өңірге басқа аймақтардан алынады. Екібастұздағы станция өндіріс көлемін азайтқасын жергілікті электр энергиясымен жабдықтаушы мекемелер басқа қуат көздерін іздеуге көшті.

Мұхитжан Кәрімбаев, «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ басқарма төрағасы:

– Бүгіннен бастап Жамбыл электр станциясынан электр энергиясын алуға болады деп жатыр. Бірақ оның бағасы қымбаттау. Қазір соны талқылап, содан электр энергия алып, қамтамасыз етуге тырысамыз. Әрине, газдың мәселесін де шешу керек. Жоғары деңгейде шешілетін мәселе болып тұр. Үкімет арқылы шешу керек, басқа жолы жоқ.

Қызылорда жылу электр орталығы да электр тоғын өндіруді азайтып тастаған. Өйткені жағатын газ жетпей жатыр. Бас қуат көзінің жыл соңына дейін кідіріссіз жұмыс істеуі үшін 33 миллион текше көгілдір отын қажет болса, қазір қорда тек соның 5 миллионы ғана бар екен.

Наурыз Сатханов, «Қызылорда жылу электр орталығы» директоры

– Сол 33 млн текше газға Қазтрансгаз-аймақпен қосымша келісімшарт жасауға жұмыс жасалынып жатыр. Станция өзінің жылу мен электр энергия өндіруін өз деңгейінде жасап шығады. Ол келісімшарт 5-6 күнде шешіледі.

Қуаңшылықтан қысылып, табиғи жұт қыспағында қалған өңір жұрты енді энергетикалық дағдарысты бастан кешіп отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев