Түркістанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бірнеше әлеуметтік нысан ашылды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Түркістанда бірнеше әлеуметтік нысан ашылды.

Өңірдегі ең ірі спорт кешені мен қонақ үй ел игілігіне берілді. Сонымен қатар жерасты мешітінің құрылысы басталды. Бұл күні мемлекет қайраткерімен кездесу өтіп, жұрт спектакль тамашалады.

Түркістан қаласының орталығында бой көтерген зәулім спорт кешені халықаралық талаптарға сай салынған. Мұнда баскетбол, волейбол алаңдары мен бассейн бар. Тіпті, медициналық орталық пен қонақ үй де қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, спортшылардың жаттығуына барлық жағдай жасалыпты.

Константин Мизинец, спорт орталығының директоры:

– Кешеннің мың адамға арналған залы бар. Үлкен деңгейдегі баскетбол, волейбол жарыстарын ұйымдастыруға болады. Жуырда осында Бекзат Саттархановты еске алуға арналған турнир өтті. Тағы бір ерекшелігі – орталық ішінде бір мезетте 82 адамды қабылдай алатын қонақ үй орналасқан.

Ал Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жанындағы мына алаңда «Қылует» жерасты мешітінің құрылысы басталды. Құлшылық орыны демеушілердің қаржысына салынбақ. Бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев Алла үйінің алғашқы кірпішін қалады.

Шоқан Матайбеков, сәулетші:

– Залында қазір 500 адамдық орын болады. Содан кейін мешіттің қасында жерасты музейі болады. Бұл ислам дінінің мәдениетпен бірлескенін көрсетеді.

Бұл күні қаланың әкімшілік-іскерлік ауданында жаңа қонақ үй ашылды. Сондай-ақ мемлекет қайраткері, журналист Сауытбек Әбдірахманов өзінің 70 жылдық мерейтойына орай, жас ақындармен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Кеш соңында жұрт «Бөрте» спектаклін тамашалады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Рауль Ғабитов, Ерболат Әбішев, Самат Нағашыбекұлы