Биылғы қуаңшылықта Сыр өңірінде 600 бас мал қырылып қалды. Жауын-шашын аз түсіп, жайылым мен шабындық жерлер қурап кетті. Амалы таусылған шаруалар төрт түлікті қораға ерте қамап, қыс бойы қолда ұстамақ. Ал жем-шөп жеткілікті ме?
Аманөткел ауылының тұрғыны Жеңіс Есіркеповтың наурыз айынан бері 100 бас малы шығынға ұшыраған. Қазір қорасында 100 бастай арық-тұрық малы қалған. Тағы біразы жайылымда жүр. Төрт түлікті қыстан шығару үшін қалай амалдайтынын білмей дал.
Жеңіс Есіркепов, Аманөткел ауылының тұрғыны:
- Мына малдарды қорада ұстамаймын ғой мен күйі болса, күйсіз болғасын осы анасынан айырып, ұстап тұрмыз. Өлместің күйін жасап тұрмыз ғой. Далада жүргендер ол өз күйімен жүр. Оны айта алмаймын. Қыстан шығу-шықпауы екіталай.
Жеңіс Есіркепов қылышын сүйреткен қыстан шығу үшін әзірге 5-6 тонна шөп дайындапты. Оның бағасын арзандату үшін аудан әкімдігі 2-3 тоннадай жанармай берген. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Әлі осыншама көлемде жем-шөп қажет, дейді шаруа.
Ауданда биыл қорада бағылатын мал басы шамамен 205 мыңнан асады деп жоспарланған. Бұған 184 мың тонна шөп керек. Әзірге бұл көлемнің 90 проценті қамтылған.
Аудан әкімінің айтуынша, қалған бөлігі жақын күндері Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан тасылады.
Серік Сермағамбетов, Арал ауданының әкімі:
- Ырғыз ауданы Жайсаңбай ауылдық округінен 7 мың гектар жер бөлініп, сол жерде біздің ауданнан құрылған 8 бригада шөп дайындауда.
Қуаңшылықтың салдарымен күресу үшін облыстық бюджеттен 250 млн теңге бөлінгені белгілі. Бұл қаржы есебінен Сырдария бөгеліп, Аспай су ағытқысы іске қосылып, су арналары тазаланып, ұңғыма қазылып, Ақшатау, Қамбаш көлдер жүйесі суландырылған. Мұнан бөлек мемлекеттен бөлінген 1,7 млрд теңге мал азығы үшін субсидия ретінде үлестіріліп отыр.
Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазір 1,7 млрд теңге Үкімет резервінен бөлінген қаражатты бөлу кезеңінде тағы да жетпей қалған мәселе туындады. Бұл бүкіл малды қамту мүмкін емес. Бірақ бюджеттен мүмкіндігінше қаржы бөлінуде. Осыған байланысты жетпей қалған 208 млн теңге қаржыны тағы берсек деген ойымызда бар. Бұл жерде тиісті үнемделген қаражатты есептеп, соны беру үшін жұмыс істеп жатырмыз.
Жалпы облыс бойынша 534 мың мал басына 769 мың тонна азық дайындау жоспарланған. Бүгінде бұл қажеттілік облыстың кейбір аудандарында артығымен орындалып отыр, дейді мамандар.
Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов