Сеулде ашылған көрме Семей ядролық полигонының жабылуының 30 жылдығына арналды

«Ядросыз әлем». Сеулде ашылған фотокөрме Қазақстан Тәуелсіздігі мен Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына арналған. Көрмені Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Кореядағы Елшілік өкілдері ұйымдастырды.

Көрме қонақтары қазақ музыкасын тыңдап, Қазақстан туралы ағылшын және корей тілдеріндегі кітаптарды тегін алды. Мұндағы ең маңызды жәдігерлер – фотолар мен тарихи құжаттар. Келушілердің көбі Қазақстанда ешқашан болмаған. Бірақ қазақ жерінде болған қасірет жайлы біледі. Бүгін олар ядролық жарылыстардың салдарын көрді.

Көрмеде сондай-ақ жаһандық деңгейдегі саясаткерлердің қатысумен өткен жиындарда түсірілген фотолар қойылған. Мына суретте бұрынғы президент Пак Кын Хе Нұрсұлтан Назарбаевпен Гаагадағы Ядролық қауіпсіздік саммитінде. Ал мынау Пан Ги Мунның Қазақстанда болған сәті. Беделді саясаткер Семей ядролық полигонына келген тұңғыш Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы болды.

Пан Ги Мун, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы (2007-2016):

- Мен Семейде ядролық полигонында болып, ядролық қаруы бар мемлекеттер ядролық қарусыз әлем құруға күш сала алатынын айттым. Қазақстан Президентінің бұл мұрасы мәңгі сақталады. Осыны мойындай отырып, 2009 жылғы желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні деп белгіледі. 

Корейлер үшін «Ядролық қарусыз әлем» көрмесінің маңызы зор. Қазір олар Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту тәжірибесін зерттеп жатыр. Оңтүстік кореялық саясаткерлер Солтүстік Корея билігі де ядросыз әлем бастамасына қосылады деген үмітте. 

Ли Джон Гук, Корей қорының вице-президенті:

- Ядролық қарусыздану туралы фотосурет көрмесі корейлер үшін көп мағына береді. Кореяның барлық азаматы ядросыз әлемді армандап отыр. Сондықтан біз Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанын жақсы түсінеміз.

Ли Джу Но, продюсерлік компания басшысы:

- Қазақстанның ядролық қаруы болды және қарусызданған күннен бері 30 жыл өтті. Мен көрмені аралап, суреттерге көрдім, сіз көп нәрсені бастан өткердіңіз. Мен Қазақстанда әлі болған жоқпын, бірақ жақын арада сапарға шығуды жоспарлап отырмын. Q-pop-тың танымалдылығына байланысты Кореямен мәдени қатынасты дамыту туралы ұсыныстар түсті.

Көрменің тағы бір бөлігінде заманауи Қазақстанның суреттері қойылған. Бұл фотолар ядролық қарусыз дамып келе жатқан елдің қазіргі тыныс-тіршілігін айшықтайды. 

Владислав Цой, Ольга Лян