Жемқорлық туралы жеткізгендер 2 млн теңгеден сыйақы алды

Жемқорлық істер туралы қылмысты дер кезінде жария еткен 6 тұрғынға мемлекет 2 млн теңгеден аса сыйақы төлеген.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басшысы онлайн брифингте мәлім етті.

Айта кетейік, елордада 10 айда жемқорлық құқық бұзушылық жасаған екі тұлға лауазымынан босатылды. Тағы төртеуі мемлекеттік қызметтен біржола қуылды. Бұдан өзге 8 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардан бюджетке 2 млн теңгеден аса қаржы өндірілді. Мәселен, атқарған жұмысы үшін 5 мың теңге қаржы дәметкен әділет департаментінің қызметкері 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалады. Мұндай деректер жетіп артылады деді департамент басшысы.