Оралда «Атамекен» өнер ордасының директоры жазаға тартылатын болды

Оралда жуырда ғана ашылған «Атамекен» өнер ордасының директоры жазаға тартылатын болды.

Мекеме басшысы көрерменнен бетперде тағуды талап етпеген. Бұл туралы облыстық жедел штабтың отырысында өңір басшысы Ғали Есқалиев мәлім етті. Аймақ әкімі сондай-ақ келушілер кірген кезде QR-кодты пайдаланбайтын бизнес нысандарына айыппұл салуға немесе тіпті уақытша жауып тастауды ұсынды. Тек соңғы 2 аптада талап бұзған 800 кәсіпорын «Ашық» қосымшасынан шығарылған. Айта кетерлігі, қосымшаны елемейтіндер қатарында мемлекеттік мекемелер де аз емес. Әсіресе Жәнібек пен Бөкей Ордасы аудандарында полиция мен білім және ауыл шаруашылығы бөлімдеріне жұрт емін-еркін кіріп шығып жүр. Қазір облыс сары аймақта дегенмен емдеу стационарларына күн сайын қатерлі індет жұқтырған ондаған адам түсіп жатыр.

Ғали Есқалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Санитарлық ережені ескермеген мемлекеттік мекемелер қатаң жазаланады. «Ашық» қосымшасы жұмыс істеп тұруы керек және бәрі де бетперде тағуға міндетті. Комиссияның шешіміне сәйкес, 60 проценттен төмен екпе алған бизнес кәсіпорындары мен мемлекеттік мекемелер қызметкерлері қашықтан жұмыс істеуге көшуі тиіс. Боламаса мұндай мекемелерді жабу керек.