Ақтаулық жастар мемлекеттік рәміздер алаңында патриоттық әндерді шырқады

Ақтаулық жастар мемлекеттік рәміздер алаңында патриоттық әндерді жанды дауыста шырқады.

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған мәдени шара қаладағы ең биік тудың жанында өтті. Оған студенттер, сарбаздар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Шараға сондай-ақ «Көк тудың желбірегені» атты әннің сөзін жазған Алмас Ахметбекұлы арнайы келіп қатысты. Ақын өнерлі жастармен бірге ән шырқап, көпшілікті өз Отанын сүюге шақырды. 

Алмас Ахметбекұлы, ақын:

- 93 жылы 22 ақпанда сондай бір керемет шабыттан туған өлең. Мен Шыңжаңда туғам. Шекарамыздан ары қарай 37 км жерде. Қазақстан тәуелсіздік алып 14 ай дегенде Отанға келе жатып шекарадан кіргенде мына көк туымызды тірідей көрдім. «Көк тудың желбірегені, бақыттың елжірегені. Қиырда қалған қазақтың азат Отанға жете алмай, көзінің мөлдірегені. Көк тудың желбірегені...» деген шумақтар келді.

Назерке Қылышбекқызы, студент:

- Осы әнді орындағанда өте тамаша сезімде болдым. Еліме деген сүйіспеншілігім артып, жігерлендім. Мен тәуелсіз елде тұрып жатқаныма қуанамын, мақтанамын. Біз маңдайымызға берілген тәуелсіздікті сақтауымыз керек. Қадірлей білуіміз керек.