Отандық ғалымдар медицина саласында ғылыми жетістікке қол жеткізді

Бүгін дүниежүзілік ғылым күні. Ресми дерек бойынша елімізде бұл салада 22 мыңнан астам адам еңбек етіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғылымсыз экономика, экология, медицинадағы бір де бір жетістікті елестету мүмкін емес. Отандық ғалымдар жыл сайын жаңашылдыққа ұмтылуда. Мәселен, Өскемендік ғылыми қызметкерлер цитология саласында үлкен сұранысқа ие тұрақтандырғыш ерітіндіні өз күштерімен жасап шықты. Аталған сұйықтықтықты медициналық мекемелер әзірге тек шетелден сатып алып жүр. Жергілікті ғалымдардың жетістігі осындай тәуелділіктен құтқарып, қыруар қаржыны үнемдеуге сеп болмақ. Қысқасы, алдағы уақытта жатыр мойыны обырын кешенді диагностикалауда отандық өнім қолданылуы әбден мүмкін.

Жатыр мойыны диагностикасында қолданылатын тұрақтандырушы ерітіндіні жасауға университет ғалымдары 2 жыл уақыттарын жұмсапты. Көз майын тамызған еңбектерінің жемісін енді көрді. Жобамен оннан астам ғалым айналысқан. Солардың бірі – Қыдырмолла Ақатан. Айтуынша, бұл сұйықтықтың құрамы қарапайым. Ірі медицналық орталықтарда сынақтан да өтті. Сапасы шет елдік аналогтан кем емес.

Қыдырмолла Ақатан, Ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертхана меңгерушісі:

– Сырттан кіргізетін ерітіндіге келсек, бір флаконның ішінде 17-18 мл болса, біреуінің құны біздікімен салыстырғанда 10 есе қымбат. Біз жасаған құрам бойынша оған бір арнайы реагенттермен біреуге тәуелді деген, ондай жоқ, қарапайым қолжетімді реагенттерден дайындалған.

Ғалымдарға кеңес беріп келген облыстағы онкологиялық диспансер мамандары да ерітіндінің тиімділігін жоғары бағалады.Импортқа тәуелділік жойылып,қызмет құны арзандар еді дейді.Мәселен жыл сайын өңірде 50 мың адам жатыр мойыны қатерлі ісігін ерте анықтайтын диагностикадан өтеді екен. Биыл 38 мың әйел скринингтен өтіп, 16-сынан дерт белгілері анықталған.

Айгүл Нұрғалиева, облыстық онкологиялық орталықтың цитопотолог дәрігері:

– Сонда ШҚО бойынша есептегеннің өзінде 50 мың әйел адам скрингтен өтеді. Сонда санап көріңіз, бізде 1 флакон 4400 теңге, сатып алсақ облыстың өзіне қаншама ақша кетеді. Енді осы ғалымдардың ойлап тапқан ерітіндісін іске асырып, ертең өзімізде қолданып жатсақ, өте жақсы болушы еді.

Медициналық салаға қатысты әр өнімде адам денсаулығына деген жауапкершілік жатыр. Маңыздылығы да осында. Сондықтан ғылыми қызметкерлер жоғары ізденісте болуы керек. Университет басшылығы осыған қатты көңіл бөлдік дейді.

Мұхтар Төлеген, университет ректоры:

– Университеттің ғалымдарын Цюрих университетіне, Майн университетіне және Техас университетіне іссапарға жіберуде қолдадық. Университет және мемлекет тарапынан ғалымдарға үлкен қолдау болып жатыр, өйткені ғылым адамзатқа қызмет етуі керек.

Авторлар бұл өнімді жаппай өндіріске енгізуге дайын. Патент алынып, еліміздегі медициналық бұйымдар реестіріне енді. Әзірге кейбір сауықтыру орталықтары мен жекеменшік медициналық кешендерден сұраныс түсіп жатыр. Ал ғалымдар осы тұрақтандырғыш ерітіндінің қолдану аясын кеңейту мақсатында ары қарай зерттеу жұмыстарын бастап кетті.

Авторлары: Эльмира Ахметовв, Жігер Бабаханов