Жеңіл атлетика – сергек жүрудің кілті

«Хабар» агенттігінің қолдауымен өтіп жатқан «100 шақырым+» челленджіне солтүстік қазақстандықтар да үн қосуда. Бүгінгі күні өңірдің атынан қатысып жатқандардың басым бөлігі межені еңсеріп қойған. Дегенмен де олар жүгірулерін әлі тоқтатар емес.

Мезгіл мен мекен, жыныспен жас талғамайтын спорт ол – жүгіру. Петропавлдық желаяқ Валентина Юхновец осылай деп есептейді. Және жеңіл атлетика сергек жүрудің кілті екенін айтады. Денсаулықты басты байлыққа балаған азаматша бос уақытын стадионда өткізеді.

Валентина Юхновец, «100 шақырым+» челленджіне қатысушы:

– Бұрындары тек жаз айларында ғана жүгіретін едім. Мына челендж менің жыл бойы спортпен шұғылдануыма түрткі болды. Қазірдің өзінде осы шараға қатысу арқылы мен 150 шақырымды еңсеріп тастадым. Нәтижем әзір жаман емес. Енді сәтін салса көктемде Алматы қаласында өтетін марафонға қатысуды жоспарлап отырмын.

Мобильді қосымша арқылы челленжге тіркеліп, мүмкіндігін сынап жатқан жандардың енді бірі – Рустам Жақыпов. Азамат жас кезінен бойын жаман әдеттерден аулақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстанады. Ол үшін жаңбырлы күнмен қапырық ыстық, тіпті қақаған аязда да жаттығуға кедергі емес.

Рустам Жақыпов, «100 шақырым+» челленджіне қатысушы:

– 2014 жылы арнайы мақсаттағы жасақтың жауынгері атанып, «Күрек беретке» сынақ тапсыру керек болды. Сол кезден бастап жүгірумен айланыса бастадым. «100 шақырым+» челленджі жайлы досымнан естім, ондағы тапсырманы бір жарым аптада орындап қойдым. Қазір шашамен екі мың адамның ішінде мен 45-ші орында тұрмын.

«Хабар» агенттігінң қолдауымен өтіп жатқан онлайн марафон бірінші желтоқсанда аяқталады. Ал, жеңімпазды арнайы жүйе анықтайтын болады. Жүлде қоры – 1,5 миллион теңге.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев