Халық саны 1 мыңға жетпейтін ауылдарға 1 ғана медбике қарастырылған ба

Ақмола облысының Жақсы ауданында тұрғындар медициналық көмекке мұқтаж. Амалы таусылған ауыл азаматтары біздің редакцияға хабарласып, 10 шақты елді мекенге 1 дәрігердің қызмет көрсететінін айтып шағымданды.

Ал аудан орталығына жету оңай емес дейді көпшілік. Себебі жол жаман. Осылайша олар сақтандыру жарнасын төлеп отырып, медициналық көмекті тиісті деңгейде ала алмағандарына наразы. 

Әлеуметтік және медициналық көмекке жарымаған Киевское ауылы тұрғындарының бүгінде бәрінен көңілі қалған. Айтуларынша, шыдамның да шегі бар. Енді өзімізге тиесіліні осылай халық болып қатаң түрде талап етеміз, – дейді. Ауылдықтар қазір қатты ауырып қалудан қорқады. Себебі, уақытында ем ала алмайды.

Ирина Гуляева, Киевское ауылының тұрғыны:

– Мәселен, менің көршім жақында инсульт алды. Біз аудандық ауруханаға хабарласып едік, олар мұнда әкелмеңдер деді. Өздері келмеді. Ал маңайдағы ауылдардың дәрігерлеріне қоңырау шалсақ, бәрі бос емес екен. Міне, содан бері ол кісі әлі ауырып жатыр. Сол күйі ешкім келген жоқ.

Аталған ауыл аудан орталығынан тым шалғай емес, 40 шақырым жерде ғана орналасқан. Бірақ жолдың нашарлығынан, әсіресе, қыстыгүні көлік қатынасы қиындайды, – дейді ашынған халық. Ал тұрғындар өз күшімен орталыққа жеткен күннің өзінде онда да медицина мәз емес екенін айтады.

Любовь Бутенко, Киевское ауылының тұрғыны:

– Өткенде біздің атамыз коронавируспен ауырды. Онымен байланыста болған отбасы мүшелері сараптама алу керек деген соң аудандық ауруханаға өзіміз бардық. Ал ол жерде бізге ешкім мән беріп те қарамады. Тіпті, оқшаулаған да жоқ. Үйге жедел жәрдем шақырсаң да, ауданнан ешкім келмейді. Өзің кел деп айтады. Сонда біздің құқығымыз өзгелерден төмен бе?

Сәуле Кәрішева, Киевское ауылының тұрғыны:

– Боранда жол болмай қалады. Крестьяндар тазаласа, барамыз.  Атбасарға дейін жол ақысына 9 мың алады. Дөңгелектесек, 12-15 мың алады. Енді не істейміз? Ауырсақ барамыз, тамаққа да, нанға да барамыз.

500-ден астам халқы бар ауылда медицина маманы мүлдем жоқ емес, бар. Бірақ жалғыз медбике бәріне бірдей үлгермейді, әрі шұғыл жағдай бола қалса, шамасы жетпейді. Ал осы маңайға бекітілген дәрігердің де жұмысы көп. Себебі ол осындай 10 шақты елді мекенге қызмет көрсетеді. Ауданның бас дәрігері болса бұл мәселе шешілген, халық саны 1 мыңға жетпейтін ауылдарға 1 ғана медбике қарастырылған, – дейді.

Ғосман Ахметбеков, Жақсы аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен норматив бойынша онда 1 медбике, 1 санитарка болу керек. Жаздан бері Тарасовка ауылына дәрігер келді. Енді ол 11 ауылдың жұмысын жеңілдетіп, қазір 5 ауыл соған қарайды.

Ал ауыл әкімі Жақсы-Киевское жолына былтыр тас төселіп, аздаған жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтады.

Жалпы дәрігер жетіспеушілігі қазір облыс бойынша өткір тұр. Аймаққа 250-ге жуық медицина маманы керек. Олардың жартысынан астамы қалалардың қажеттілігі болса, біразы ауылды жерлердің сұранысы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл қайта азайғаны. Бірнеше жыл бұрын өңірде 400-ден аса дәрігер тапшы болған. Мәселені шешу үшін қолдан келер шараның бәрін жасап жатырмыз, - дейді жауаптылар. Соның бірі былтырдан бері ауылға жұмыс істеуге барған дәрігерлерге 1 млн теңге қайтарымсыз қаражат беріліп келеді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко