434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Елімізде энергия тапшылығына қатысты тұтынушыларға шектеу қою деректері тіркелген

  • 75
  • UPD: 00:00, 11.11.2021
Елімізде энергия тапшылығына қатысты тұтынушыларға шектеу қою деректері тіркелген

Елімізде соңғы кездері электр энергияны тұтыну мөлшері күрт өсті. Соның салдарынан оңтүстік және солтүстік өңірлерде энергия тапшылығы сезіліп отыр.

Тіпті, кейбір аймақтарда тұтынушыларға шектеу қою деректері тіркелген. Олардың арасында әлеуметтік нысандар мен тұрмыстық тұтынушылар да бар. Мәселені шешу үшін кешенді шаралар жүргізілуі тиіс. Бұл жөнінде энергетика министрі Жамбыл облысында өткен көшпелі жиын кезінде айтты.

Электр энергия тұтыну мөлшері бір жылда еліміздің солтүстігінде 8, оңтүстігінде 12 процентке дейін өсіп кеткен. Бұл энергия тапшылығын туғызып, біріккен энергия жүйесіндегі ахуалды күрделендіріп жіберді. Тіпті, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Түркістан облыстарында тұрмыстық және әлеуметтік нысандарға энергия тұтынуға шектеу қойыла бастады.

Жандос Нұрмағанбетов, жүйелік оператордың басқарушы директоры:

– Соңғы күндері оңтүстікте кешкі мерзімде энергия ағытулар болған. Қамтамасыз ету үшін оңтүстікте энерго блоктар қажет. Осы мәселе бүгін шешімін тауып отыр. Министрлік 4 блокты болашақта қосу мәселесін пысықтап жатыр.

Энергия тапшылығын мамандар майнингтердің көбеюімен байланыстырып отыр. Талдау жұмыстары кезінде заңды түрде жұмыс істеп жатқан майнингтердің 600 мегаватт пайдаланып отырғандығы анықталған. Ал, заңсыздарының үлесі мың мегаваттан асатын көрінеді.

Абай Шаңғытбаев, атомдық және энергетика қадағалау комитетінің төрағасы:

– Ол бірінші себеп – Қытайда цифрлік майнерді жауып тастады. Содан бері қарай майнерлік құрылғылар жайлап көшті. Содан майнерлердің тұтынуы көтеріліп жатыр.

Енді жалпы тұтынушылар мен тұрмыстық тұтынушыларға тексеру жүргізіледі. Тоқты жоспарлы мөлшерден артық пайдаланғандар тоқтатылады. Бұл жөнінде Энергетика министрі Мағзұм Мырзахметов мәлімдеді. Сондай-ақ заңсыз жұмыс істеп жатқан майнингтерді анықтау жұмыстары күшейтілмек. Энергетиктердің жиынында тұрмыстық және әлеуметтік нысандарда жылыту маусымы кезінде ешқандай шектеу қоймау керектігі тапсырылды. Қазір оңтүстіктегі энергия тапшылығын біршама шешу үшін ГРЭС-тің үшінші блогын іске қосу туралы шешім қабылданды.

Абай Шаңғытбаев, Атомдық және энергетика қадағалау комитетінің төрағасы:

– Жылда екі пайыз көтерілетін еді ғой. Биыл күрт көтеріліп кетті. Ондай өсімді энерго жүйе күткен жоқ. Түнгі сағат 23:00-ден бастап үшінші блок іске қосылады. 200-300 мегаватт диффицитті жоямыз.

Мамандар станциядағы блоктардың бәрін бірден қосу мүмкін еместігін айтып отыр. Себебі қондырғылар ескірген. Оның үстіне жанармай мәселесі де бар. Айта кету керек, еліміздегі электр станциялар 60 процентке, ал электр жүйелері 65 процентке тозған.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы