Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балық аулаған браконьерлер ұсталды

Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі ресейлік әріптестерімен бірлесіп, Каспий теңізінің су айлағында браконьерлік әрекеттің жолын кесуге және биологиялық әртүрлілікті сақтауға бағытталған ұйымдық және практикалық іс-шаралар кешенін өткізуде.

ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, шекарашылар Қазақстан Республикасының теңіз кеңістігінде 246 түрлі құқық бұзушыны және 24 жүзу құралын құрықтады.

«Алынған браконьерлік аулау құралдары: 179 км астам тор және ілмек құралдары, 533 дана (3 600 кг) бекіре тұқымдас балық, 4 006 дана (5 400 кг) ұсақ тұқымды балық және үш итбалық», – делінген мәліметте.

Шекара қызметінің іс-қимылдары нәтижесінде жол берілмеген залал 1 млрд теңгеден астам сомаға бағаланып отыр. Тәртіп бұзушыларға 2 млн теңгеден астам мөлшерде айыппұл салынды.