Елордадағы ең биік ғимарат Abu Dhabi Plaza құрылысы қашан аяқталады

Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Abu Dhabi Plaza құрылысы жыл аяғына дейін бітеді деген ақпар таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, «Abu Dhabi Plaza» нысанында қазір құрылыс-монтаждау жұмысы кестеге сәйкес жүріп жатыр. Орындалған жұмыстың жалпы көлемі 97 проценттен асады. 2021 жылдың соңына дейін сыртқы жұмыстарды, оның ішінде қасбеті мен конструкциясын толығымен аяқтау жоспарланып отыр.

«Ғимарат ішінде әрлеу жұмыстары әрі қарай да жалғаса береді», - делінген Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Еске салсақ, Abu Dhabi Plaza - Орта Азиядағы мұнара типіндегі ең биік кешен. Ол аумағы 500 мың шаршы метрден асатын бес ғимараттан құралған.