430,43 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

БҚО-да бір тәулікте адам басына 40 литр судан берілуі мүмкін

  • 68
  • UPD: 22:23, 11.11.2021

Бір адамға тәулігіне 40 литр. Батыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындары үшін ауыз су мөлшеріне шектеу қойылуы мүмкін. Оның үстіне тарифті өсіру ұсынылды. Жергілікті әкімдік осындай жолмен тіршілік нәрін үнемдемекші. Ал бұған тұрғындар не дейді?

Зеленое ауылында 400 шақты үй бар. Бәріне дерлік ауыз су құбыры кіріп тұр. Тіршілік нәрінің сапасына тұрғындардан шағым жоқ. Тек пайдалануға шектеу қойылады дегелі ауылдықтардан маза кетті. Адам басына небәрі 40 литр ғана су күнделікті тұрмысқа мүлде жетпейтінін айтады. Ал бағаның шарықтауы айлығы шайлығынан аспай отырған отбасыларға тіптен ауыр тигелі тұр.

Төлеген Есенғазиев, Зеленое ауылының тұрғыны:

- Моншамыз бар. Туалетіміз қазір қаладағы сияқты үйде. Бәріне су керек қой. Әлгі кір жуатын машина үйде. Соның бәрі су тұрған. Ал күніне қанша дейді, 40 литр су дей ме? 40 литр төрт шелек қой. Қайда жетеді ол? Сосын бәрін қымбаттатып болды, енді суға кірісті. Тамақтың бәрі қымбаттады. Суға тимеңдершейші енді. Хоть су болсын, нормально ішейік.

Ал ауылдық округ әкімінің айтуынша, тұрғындар ауыз суды шаруашылыққа да пайдаланады. Сондықтан шенеунік суды үнемдеу жобасын жөн көреді. Әйткенмен, 4 шелек су күндегі тірлікке жұғын болмайтынын жасырмады. Ол шектеу мөлшерін сәл көбейтуді сұрайды.

Ізғали Дәулетов, Зелёнов ауылдық округінің әкімі:

- Ауылда тұрғасын енді мал бар. Құс болады, тауықтар, қаздар дегендей. Оларды енді өзенге шығармаймыз ғой қыста. Оларға да су кетеді. Сондықтан менің ойым 40 литр азғантай болады. Бір 60 литр болса кісі басына, бір кісіге бір айға 2 тонна дерлік болады. Ал 400 теңге болса болсын, мейлі.

Ауыз суды пайдаланудың жаңа тәртібі келер жылдан бастап бекітілуі мүмкін. Тариф бағасы әр ауылда есептеу аспаптарының бар-жоғына қарай 5 есеге дейін қымбаттайды. Әкімдік саладағы шектеу мен қымбатшылықтың негізгі себебін геологиялық жағдайдың нашарлауымен байланыстырып отыр.

Сатыбалдиева Нұрбану, БҚО Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Есептеу аспаптары бар тұрғындар 30 теңгеден төлеп отырса, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір текше метрі үшін 90 теңгеден төлейтін болады. Есептеу аспаптары жоқ тұрғындар 40 теңгеден төлесе, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 200 теңгеден төлейтін болады. Есептеу аспаптары жоқ ауылдар деген олар (суды) колонкадан алатын тұрғындар. Жайық өзенінің тартылуына байланысты суды үнемдеу қажет.

Ал әрбір адам тәулігіне 40 литрден артық пайдаланса не болады?

Сатыбалдиева Нұрбану, БҚО Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы: 

- 40 литрден артық пайдалануға олардың құқылары бар. Одан жоғары пайдалатын болса тұрғындар әрбір ауылдық елді мекенге бекітілген қолданыстағы тариф бойынша төлейтін болады.

Әрбір ауылдық жерге бекітілген тариф көлемі топтық және оқшау құбыр желілеріне қарай 150-ден 700 теңгеге дейін шарықтайды. Демек, суды 4 шелектен көп тұтынған абонент коммуналдық қызметақысын осы бағамен төлеуі тиіс. Бұл ұсыныс облыстық мәслихаттың алдағы сессиясында қаралады. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов

Хабар 24 телеарнасы