Алматы облысында көмір тапшылығы туындады

Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандары Нарынқолдағы «Ойқарағай» кенішінің көмірін тұтынса, өзге аудандар түгелге дерлік қатты отыннан таршылық көріп отыр. Шалғай ауылдарда көмір құны 25 мың теңгеге жеткен. Ал облыс орталығы Талдықорғанға күніне 10-11 вагон көмір жеткізіледі. Бірақ соның өзі халыққа жетпей жатыр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Талдықорғандағы Рақышев көшесінің бойында орналасқан мына теміржол тұйығының алдында тағы ұзын сонар кезек пайда болды. Бұл жылда қайталанатын жағдай. Мына жүк көліктерінің жүргізушілері өз кезегін 4-5 күндеп күтеді екен. Көмірдің жоқтығынан үйін жылыта алмай отырған халық ашынғаннан өз арыз-шағымдарын жергілікті билік өкілдеріне айтып жатыр. 

Ләззат Жапашева, қала тұрғыны:

- Мына халықты суық күнде қалдыру деген ол – жауыздың жауыздығы. Ол өзінің ұлтын, ұлтының болашағын ойламайтын әкім деген сөз ол. Жұмыс жасай алмаса әкім болып, кетсін! Осының бәріне жауапты Баталов. Менің көмір ала алмай жүргеніме уже 1,5 ай болды. Мен күнде барам да мүшекпен көмір аламын. 1 мүшегің 1200 теңге.

Талдықорған қаласы бойынша бұл қатты отын түрін сатумен айналысатын 9 мекеме бар. Облыс орталығындағы қай теміржол тұйығының алдына барсаңыз да көмір іздеп сабылған халықты көресіз.

«Қолы жеткені, тамыр-танысы барлары алады, жетпегені базардан қаппен сатып алып, үйін жылытуға мәжбүр болып отыр», – дейді тұрғындар. 

Қуаныш Өтегенов, қала тұрғыны:

- Біз Ынтымақта тұрамыз. Бір ай болды көмір ала алмай жүргенімізге. Машинасы барлар көмір алады да, бізге мысалы, доставкаға 35-40 мың мысалы, Ынтымаққа. Очередь вообще, бір басы Абай көшесіне дейін тұрады.

Талдықорған тұрғындары жылына 100 мың тоннадай көмір тұтынады. Қалада маусым айынан бері 78 мың тонна қатты отын сатылған. Облыс орталығына күніне 10-11 вагон көмір келеді. Оны жұрт теміржол тұйығына түскен бойда талап алып кетіп жатыр. 

Берікбай Жұмағалиев, жүргізуші:

– 14500-нен аласыздар ма?

– Иә, солай.

– Лепсіге барғанда неше болады бағасы?

– Лепсіге барғанда 22-23 мың болады. Мен уже бір айдан асты барғамын жоқ. Қазір білмеймін не болып жатқанын. Мен октябрь бойы көмір ала алмадым еш жерден. Көбірек вагондар әкелу керек. 

Қазан, қараша айларында облыс орталығына 43 мың тонна көмір әкелінуі тиіс еді. Бүгінде соның 25 мың тоннасы жеткізілген. 64 вагон жолда келе жатыр. 

Алмас Барлыбеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Қала тарапынан облысқа біз хатымызды жолдадық. Облыстық энергетика басқармасы осы жақында Астана қаласына жиналысқа барып келді. Соның арқасында біз қазір күніне 9-11, 10 вагон орташа есеппен алып жатырмыз. Оның алдында 6-7 вагон келіп жатқан.

Сондықтан бұл түйткіл жақын арада шешіледі. Біз жаз бойы халыққа көмір алып алу керектігін ескертіп, жергілікті газеттерге хабарландыру бердік. Ол кезде қалада көмір болды. Сол себепті бұған жергілікті билікті кінәләй беруге болмайды. Қыстың қамын жаз ойлап, қараша қайтпай қамданбайтын қазекеңнің жайбасарлығынан да бар дейді атқарушы билік өкілдері... 

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев