Алматыда «көк статус» иелеріне шектеу бола ма?

Нұр-Сұлтанда 8 қарашадан бастап «Ашық» қосымшасында тек жасыл статусқа ие азаматтар ғана сауда ойын-сауық орындарына кіреді деген қаулы әлі күшіне енбеді. Әзірге бұл шектеу тек сенбі, жексенбі күндері орындалуда. Соған орай ірі сауда ойын-сауық орталығы мамандары өз көзқарастарын білдірді.

«Мега» сауда, ойын-сауық орталығы басшылары аптаның жеті күнінде Нұр-Сұлтанда тек жасыл статустағылар кіру керек деген ұсынысқа мүлде қарсы. «Тек сенбі, жексенбі күні жасыл статустағылар кіреді деді. Оған келістік. Бірақ келушілер 44 процентке азайды. Ал жеті күнде де көк статустағыларға тыйым салсақ, кәсібіміз не болмақ?» дейді олар. 

Татьяна Ходжаева, «Мега» сауда, ойын-сауық орталығы жалға алу департаментінің қызметкері:

- Егер олар вакцинация қарқынын арттырғысы келсе, көрсеткіш төмен болатыны сөзсіз. Оның орнына он мотивация беруге болатын еді.  

Батухан Маслахатов, «Мега» сауда, ойын-сауық желісінің бас директоры:

- Сауда, ойын-сауық орындарын вакцина алмағандарға қысым жасайтын инструмент қылуға болмайды. Біз «Астана моторс» компаниясымен бірлесіп, екпе алғандар арасында машина ойнаттық. Нәтижесінде 34 мың адам екпе алды. Жалпы бізде екпе алғандар 150 000-нан асады. 

Сауда, ойын-сауық орталығында санитарлық шараларының бәрі сақталған. Кіреберісте тепловизор, әр жерде санитайзер тұр. Маскасыз жүргендерді тексеретін арнайы мамандар да бар.

Азат Кебекбай, «Технодом» менеджері:

- Пандемия кезіндегі трафигіміз онсыз да құлады. Сенбі, жексенбі ғана жасыл статуспен кіреді дегелі бері тауар айналымы 50 процентке азайды. Техниканы жұрт тексеріп, қолмен ұстап көріп алғысы келеді. Сондықтан «Тек жасыл статус!» идеясын қолдамаймын. 

Дмитрий Кириенко, «Chaplin» кинотеатрлар желісінің директоры: 

- Адамдар енді ғана жинала бастады, біз қайта ашылғалы бері оң балансқа әлі жете алмадық. Онсыз да орын санын шектеп, кинотеатрға кіру уақытын азайттық. 

Елорданың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы әлі жарияланған жоқ. Бірақ екінші жыл қатарынан тыйымдар мен шектеулерден көз ашпаған бизнес өкілдері үшін бұл талаптың да оңай тимесi анық. 

Кәмшат Әбілқызы, Мұхит Құдықбаев

Сондай-ақ...