430,43 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Туған жерді тастап кетуге не түрткі?

  • 140
  • UPD: 09:46, 12.11.2021
Туған жерді тастап кетуге не түрткі?

Солтүстік Қазақстан облысында шағын елді мекендерді дамыту жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Мәселен, Қызылжар ауданындағы 10-нан аса ауылға су, жарық тартылып, жолдар жөнделді.

Байсал – Петропавлдан небәрі 30 шақырым жердегі шағын ғана ауыл. Бір ғана көше, 50 шақты түтін бар. Халықтың дені қалаға көшіп кеткен. Елді мекенде мектеп жоқ. Су да тапшы. Байсал ауылы 2000-ыншы жылдары сусыз қалды. Тұрғындар бұл мәселені жылда көтеретін. Күте-күте шаршағандары көшіп кетті. Қимай қалғандардың бірі – Ольга Науман. Бекер емес. Биыл су құбыры қалпына келтіріліп, көбі үйіне тартқызып алды.

Ольга Науман, Байсал ауылының тұрғыны:

– Бірден кір жуу машинасы мен титан қойдық. Енді ыстық суымыз да бар. Бұрын ауыл шетіндегі мұнараға баратынбыз. Оның өзі уақытпен берілетін. Қазір көзіміз ашылды.

Су мәселесі көрші Знаменское ауылында да шешілді. Тұрғындар тіршілік нәрін үйіне тарқызып, игілігін көріп отыр. Лидия Даугирдас жалғыз тұрады. Соңғы жылдары ол да екі ойлы болып жүрген.

Лидия Даугирдас, Знаменское ауылының тұрғыны:

– Мен де қалаға көшем деп отырғанмын. Енді кетудің қажеті де жоқ. Жағдай жасалғасын қалатын болдым. Туған ауылымда бақыттымын.

Адамдар осындай қарапайым жағдайдың жоқтығынан қолайлы қоныс іздеп кетеді. Биыл Қызылжар ауданында болашағы бұлыңғыр деген 10 ауылға су тартылды. Жарық жанып, жол жөнделді.

Марқаба Жақаева, Светлопольский ауылдық округінің әкімі:

– Шағын ауылдарға да көңіл бөліну керек. Су – тіршілік көзі. Сондықтан бірінші кезекте осы мәселені шештік. Енді кетеміз деген адамдардар көшпейтін болды. Менің ойымша, осындай елдерді сақтап қалғанымыз дұрыс.

Шағын ауылдарды дамыту жобалары тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартады. Бұл жұмыс келер жылы да жалғасып, шалғайдағы қордаланып қалған мәселелер рет-ретімен шешілмек.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев  

Хабар 24 телеарнасы