Мүгедек және асыраушысынан айырылғандарға 324 млрд теңгеден астам жәрдемақы төленді – ҚР ЕХӘҚМ

Қазақстандықтарға жыл басынан бері мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы түрінде 324 млрд теңгеден астам қаражат төленді, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2021 жылғы қаңтар-қазан айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 257,9 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты 66,5 млрд теңге бағытталды.

2021 жылдың қазан айында республикалық бюджеттен мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 25,5 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 6,7 млрд теңге жұмсалды.

2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 524,5 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 149,7 мың адамды құрайды.

Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адамдар санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңында белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектік жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 48 690 теңгені, асыраушыдан айырылу жағдайында 44 793 теңгені құрады.