Ақтөбе облысында алкоголь өнімдерін заңсыз сату дерегінің жолы кесілді

Заңсыз айналымға түсетін алкоголь өнімдерінің негізгі бөлігі көбінесе антисанитариялық жағдайда, жерасты цехтарында немесе үйде жасалады, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚР ҚМА Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл ретте, этил спирті спирттік ішімдіктерді қолдан өндірудің басты компоненттерінің бірі болып табылады. Адам ағзасына түскеннен кейін ол денсаулыққа ауыр зардаптары бар улануды тудыруы мүмкін.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаменті жалған есепке алу-бақылау таңбалары бар суррогат алкоголь өнімін дайындау және өткізу дерегінің жолын кесті.

Мәселен, Ақтөбе облысының тұрғыны өз үйінде алкоголь өнімдерін жасап, ыдыстарға құйып, кейіннен облыстың сауда нүктелеріне өткізген.

Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында 600 литр спирт, жалған ЕБМ, заттаңбалар, құюға арналған ыдыстар, сондай-ақ 7 мыңға жуық бөтелке дайын алкоголь өнімі тәркіленді.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.