Калифорнияда шетелдегі қазақтарға арналған мәдени орталық жұмыс істейді

«Тілін білмеген, түбін білмейді» деген аталы сөзді естіген боларсыз?! Осы орайда шетел асып, жырақта жүрген қандастарымыздың ана тілін біліп қана қоймай, балаларына да үйретуі көңілді көншітеді. Мәселен, Калифорниядағы қазақ орталығында балалар мен ересектер үшін ана тіліміз бен салт-дәстүрімізді үйренуге жағдай жасалған. 

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында тұратын Карлығаш Шыныбаева – тіл маманы. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар филолог бүгінде Калифорния мәдени орталығында қазақ тілі пәнінен сабақ береді. Орталықтың ашылғанына көп бола қоймағанымен, келушілердің қарасы көп дейді ол. Айтуынша шет елде жүрген қандастарымызға ана тілін оқытып, ұлттық дәстүрді үйретудің өзі бір ғанибет.

Қарлығаш Шыныбаева, филолог:

– Бұл жақта тұратын балалардың барлығы ағылшын тілінде сөйлейді. Тіпті, ағылшын тілінде ойлайды. Солар қазақтың тілін, мәдениетін ұмытпаса екен деп аптасына бір рет осы сабақты береміз. Мен біздің балалармен мақтанамын. Себебі олар қайда жүрсе де қазақша сөйлеп, қазақ екендерін айтып мақтанады. Менің өзімнің қызым осында дүниеге келді және ол «мен қазақша сөйлеймін», «Қазақстанға қайтамын» дейді.

Орталықта 26 бала тәлім алады. Олардың дені – 5 пен 13 жас аралығындағылар. Ағылшын тіліндегі мектеп сабақтарынан босай қалса осында келіп қазақтың салт-дәстүрі, мәдениеті мен өнерімен жақын таныса алады.

Орталық ашу бастамасы шетелде жүрген барша қазақты жақындастыра түсу идеясынан туындады. Алғашында мүмкін емес көрінгенімен, қазір толықтай жұмыс істеп тұрған білдей орталыққа айналды. Оған қоса орталық ашу идеясын балаларын тәрбиелеп отырған ата-аналар қауымы да қоштай кетті дейді ұйым басшысы

Раушан Мұхтар, Калифорниядағы қазақ орталығының директоры:

– Бәрі қуанды. Қолынан келгенше ақша берді. Солардың көмегімен жалға алып, төлеп келдік. Солардың арқасында күнімізді көрдік. Біздің домбыра ағайымыз бар. Қара жорға сияқты түрлі күйлерді тартып береді. Ертең Сан-Диегода балаларымыз өнер көрсететін болады.

Калифорния мәдени орталығында еліміздің салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін дәріптеумен қатар, салауатты өмір салтын насихаттап спортқа баулитын бокс үйірмесі де жұмыс істейді. Ал сол үйірменің жетекшісі халықаралық дәрежедегі спорт шебері, WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Мадияр Әшкеев болса, балаңыздың осал болмасы анық.

Денені жазып, жаттығуға кіріспес бұрын бокс үйірмесінің шәкірттері еліміздің әнұранын айтудан бастайды. Осылайша олар физикалық жаттығу жұмыстарын ғана емес, рухани құндылықтарды да бойына сіңіреді. Өйткені ұлтын сүйген жастардың намысты қолдан мұраты биік келеді.

Мадияр Әшкеев, халықаралық спорт шебері:

– Осында жүрген балалардың қанында тектілік бар. Басқа да балалар бар. Бірақ өздерінің намыстарын көрсететін бір-екі бала бар. Ол өзіміздің тектілік деп ойлаймын. Мен өзімнің әлем деңгейіндегі алған-түйген дүниелерімді үйретіп келемін. Бұл жерде енді бокс мектебі ғой. Осылардың арасында болашақ чемпион шығады деп ойлаймын.

Алдағы уақытта орталық шәкірттеріне арнап өзге де үйірмелер ашылуы мүмкін. Жаңа оқу жылында Қазақстаннан келетін отбасылардың саны да артып жатады. Демек орталық жұмысы жалғаса бермек. Бастысы жүрегім қазақ деп соғатын қандастарымыз таусылмаса игі дейді орталық басшысы.

Авторы:Талғат Алманов