Шығыс Қазақстанда «Қыс-2021» оқу-жаттығу өтті

Өскеменде өткен оқу жаттығу шарасында құтқарушылардың қысқа дайындықтары пысықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Эльмира Ахметова, тілші:

– Шығыс Қазақстанның климаты күрделі. Ақ түтек боран да, сарышұнақ аяз да бар. Қар көшкіні, су тасқыны сынды табиғи апаттар да боп тұрады. Ендеше қысқы оқу-жаттығу шараларын өткізу орынды.

Өткен жылға үңілсек, Жолда қалған мыңнан астам адам эвакуацияланған, нақты көмекке мұқтаж болған 250-ге жуық адам құтқарылды. 90-нан астам қарды жасанды түсіру жұмыстары жүргізілді. Мінекей, қысы осындай қарбаласқа толы өлкеде «Қыс 2021» республикалық оқу-жаттығу шарасының негізгі штабы орналасты. Мақсат сын сәтке дайын болу.

Талғат Уәлиев, ТЖМ ресми өкілі:

– Жалпы Қазақстанның барлық аймағында қыста жолаушылар жолда қалып жатады, күн күрт суытып, көктайғақ болып жол көлік оқиғалары көп болады. Көліктер соқтығысып, адамдар ішінде қалып қойып жатады, дәл осы жағдайлар орын алған кезде ТЖМ құтқарушылары еш кедергісіз жылдам көмек көрсету үшін тәжірбие шыңдайды

Оқу-жаттығу аясында қар құрсауында қалғандарды кинологтар көмегімен құтқару, құбыр желісіндегі және электр жүйесіндегі ірі апатты жою жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар өртенгелі тұрған, жол апатына ұшыраған көлік ішінен адамдарды алып шығу ісі де пысықталды. Осының барлығы лезде болуы керек. Соның ішінде әрине ең қызығы да қиыны балықшыларды құтқару операциясы болды. Бұған тіпті «Ми 171» тікұшағы да жұмылдырылды. Осылайша шығыр арқылы қайықтың үстінен тіке түскен құтқарушы балықшыны аман есен көтеріп алды. Ішіндегі адамдарымен қоса мұз астына түсіп кеткен автокөлік те төтенше жағдайлар қызметінің жан-жақтылығын көрсетті. Бұл жерде сүңгуірлер сыналды.

Евгений Норкин, сүңгуір:

– Автокөлік мұз үстімен өткенде оның терезесі мен есігі ашық болуы керек. Бұл апатты жағдайда адамдардың көліктен секіріп шығуы үшін аса маңызды. Ауыр киім-кешекті шешіп, барынша су бетіне жүзіп шығуға тырысу керек.

Жатығу барысында медициналық апат қызметі де болып, өз міндеттерін мінсіз атқарып шықты. Бір мезетте 5 мың адамға көмек көрсете алатын әскери госпиталь да ашылды.

Айта кетейік, бұл жерде алғаш рет «Қызыл ай» қоғамы зардап шегушілерге қалай қолдау жасайтындарын көрсетіп шықты.