Қарағанды кеншілері өндірістік компания басшыларына өз талаптарын қойды

Абай шахтасындағы апаттан кейін қарағандылық кеншілер өндірістік компания мен облыс басшылығына бірқатар талап қойып, наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың талабы 12 пунктен тұрады. Ең негізгілері еңбек қауіпсіздігі, лайықты жалақы және кен орнындағы техникаларды жаңартып, қызметкерлер жетіспеушілігі мәселесін шешу. Қазір бұл талаптарды қарау үшін арнайы комиссия құрылды. Оған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек төрағалық етеді. Бұдан бөлек, комиссия құрамына көмір департаментінің барлық 8 шахтасының өкілі және «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы мен кәсіподақ ұйымдары енді.

Евгений Буслаев, «Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы:

– Абай шахтасында болған апаттан жан түршігеді. Ол кеншілердің мәселесі қаншалықты өткір тұрғанын тағы бір көрсетті. Олар қызмет ететін құрал-жабдықтар, жұмыс орындарында ауқымды жаңарту жүргізілуі тиіс. Себебі қазіргі техниканың жұмыс істеу уақыты біткен. Енді компаниядан нақты қадам мен ұсыныс күтеміз.