Ақтөбе облысында 23 адам қар құрсауынан құтқарылды

Өңірдегі ауа-райының қолайсыздығынан бірнеше адам қар құрсауында қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың арасында бірнеше бала бар. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдай қызметі өкілдерінің авариялық-құтқару жұмыстары қала маңындағы бір айналма жол мен Алға және Хромтау аудандарында жүргізілді. «Самара-Шымкент» тас жолының бойынан 23 адам жылыту пункттеріне жеткізілген. Олар синоптиктердің ескертуіне мән бермеген. Алайда қатты бұрқасын мен көктайғақтан жолда тұрып қалып, көмек күтуге мәжбүр болған.

Нұрбек Оралбаев, облыстық ТЖД басқарма бастығының міндетін атқарушы:

– 23 адам қар құрсауындағы жүк көліктерінде қалып қойған. Олар жол бойы тұрақтайтын кемпинг таппаған. Бағыт алған сапарларына да шығуға мүмкіндік болмаған. Адамдар құтқарылды. Қазір көліктерге барлық бағытта жүруге рұқсат берілді.