Түркістан облысында көмір шынымен жеткіліксіз бе

Қысқа қамданған түркістандық ағайын қатты отын іздеп, сенделіп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жылыжай кешеніндегі шаруалар сапасыз көмір техниканы тоздырса да, тапқандарын місе тұтуға мәжбүр. Апталап кезек күткен тұрғындар аяз түспей қиындыққа тап болдық деп наразы.

Маған көмір керек. 1 апта болды көмір іздеп жүрмін. Бүкіл камаз жүргізушілерін шақыр. Солар айтып береді бәрін. Олар осы жерде апталап жатыр.

Ашуға булығып, аумақты шарқ ұрып айналып жүрген бұл азамат қуантарлық хабарды бұл жолы да ала алмады. Ал Мыңбасы Бейсенбай болса, үйді жылыту үшін көмір таппай, Ордабасыдан Сайрам ауданына арнайы келіпті. Тапса да, бағасын қымбатсынып, салыстырып жүр. Көмір тасымалымен айналысатындар екі есе қосымша ақы алады дейді. Бірақ мұнда да ығы-жығы кезек көп.

Мыңбасы Бейсенбай, Ордабасы ауданының тұрғыны:

– Көмір жоқ. Үй салқын. Ағашпен жағып отырмыз. Қазір 15 күндей болды іздеп жатқанымызға. Жоқ дейді. Келеді таусылып қалады. Кезек сондай.

Жылыжай шаруашылықтары қатты отынға тәуелді. 2 гектар алқапты игеріп отырған бұл шаруа қожалығында да мәселенің өзектілігі жоғары. Себебі түрік техналогиясымен соғылған кешеннің компютерлік бағдарламасы сапасыз көмірді лезде анықтап береді. Салдарынан жылыту пеші жарамсыз көмірді жаратпай отыр. Онсыз да тығырыққа тірелген еңбеккерлер қабаттасқан тапшылыққа қапалы.

Бауыржан Оразалиев, шаруа қожалығының басқарушы агрономы:

– Қазір бір-бірімізден естіп, соған қарай әрекет жасаймыз ғой. Бұдан да жаман болмаса, жақсы болмайды. Қымбатшылық. Бәріміз жан-жақтан көмір таппай қаламыз. Бір маусымға болмаса да 1-2 камаз запас ұстап тұрайық десек, ол да жоқ. Сосын анау майда, мусорка көмірді алуға тура келеді. Амал жоқ. Бірақ сапасыз көмір біздің жаңа техникамызға сай келмейді. Осылай жалғаса берсе бу қазандығы істен шығады.

Ал энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасындағылар керісінше, көмірдің көлемі жеткілікті дегенді алға тартады. Облыс аумағында қатты отынға деген қажеттік 852 мың тоннаға жуық болса, кестеге сәйкес тасымалданып, таратылып берілуде екен. Одан бөлек көмір қорында да артығымен сақтаулы тұр.

Марат Байқонысов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

– Дефицит көлемі әзірге біздің облыста байқалмайды. Көмір кестеге сәйкес тасылып жатыр. Аудан, қала әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес тұйықтарда жалпы 20 мың тоннаға жуық қор бар.

Қыс басталмай қатты отынды іздеп қиналдық дегендердің шағымын назарға алған әкімдік өкілдері жағдайды реттейміз дейді. Себебі көмір қоры жеткілікті.

Ал синоптиктердің мәлімдеуінше, алдағы аптада күн суытатынын ескерсек, мәселе ушығудың алдында тұр.

 

Авторлар: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Раул Ғабитов, Самат Нағашбекұлы