434,60 493.30 5,88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

БҚО тұрғындары мал бағудың оңтайлы әдісін тапқан

  • 149
  • UPD: 20:51, 12.11.2021

Батыс Қазақстан облысы, Шежін ауылының тұрғындары ортақ шаруашылық кооперативін құрып, мал басын біріктірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Агроқұрылым төрағасы әрбір аналық басқа мемлекет тарапынан субсидия алады.Сол қаражат есебінен тұтас елді мекеннің ірі қарасын ақысыз бағып отыр. Бұған қоса зеңгібаба тұқымын асылдандыруға да мүмкіндік жасады. Әдетте кез келген ауылда мал бағатын бақташы табыла бермейді. Болған күннің өзінде әрбір ірі қараға айына кемінде мың теңгеден сұрайды. Ал мұндай ақыны төлеу шаруаларға оңай тимейді. Шежін елді мекенінің тұрғындары түлікті тұрақты бақтырудың оңтайлы жолын тапты. Өзара ауызбіршілік танытып, ортақ кооператив құруға келіскен. Әрине алғашында көбісі күмәнмен қарағанын жасырмады. Әйткенмен кейін жобаның нәтижелі екеніне көз жеткізген.

Ержан Азаматов, Шежін ауылының тұрғыны:

– Мал бағусыз қалып жүрді ғой. Бақташы болмағаннан кейін өзіміз барып айдап келіп жүрдік. Сол қиын болды. Кооператив 2020 жылдан бастап істеп жатыр. Оның бір жақсы жері – мал тегін бағылады. Әншейін.

Сұңғат Сейітқалиев, Шежін ауылының тұрғыны:

– Мен қазір 5 сиыр қосып отырмын 5 баспағымен. Жақсы былай. Мал бағылып жатыр. Күнде айдап келеді. Бұрынғыдай малымыз жоғалып жатқан жоқ.

Қазір кооперативке 300-ге жуық шаруа тіркелген. Агроқұрылымда 800-дей ірі қара бағылып жатыр. Бақташы көктемнен қара күзге дейін еңбек етеді. Жалақасын алу үшін әр үйден ақша жинап әуре болмайды. Кооператив төрағасы оған өз қалтасынан төлейді. Ал төраға мемлекет есебінен субсидия алады.

Жәнібек Жұмағазин, бақташы:

– Биыл екінші жыл. СПК төлеп тұр ақшасын, жақсы. Мен 160 мың аламын қазір айына. Малды таңертең 07.00-де айдап кетемін. Кешкі жетіде айдап келемін. Қазір күн қысқарып жатыр жайлап. Жыл сайын былай қар түскенше бағып жүрміз ғой.

Ортақ кооператив құру арқылы шаруалар малды асылдандыруға да мүмкіндік алды. Етті, сүтті бағытта 30 шақты асыл тұқымды бұқа сатып алынған. Тұрғындар алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге де ден қоймақ.

Алғадай Жамбыл, Шежін ауылдық округінің әкімі

– 18 айдан жоғары аналық бастарға үкіметтен әрбір басқа 10 мың теңгеден субсидия төленеді. Енді келесі жылға қарай жоспарлап отырмыз, субсидия мал азығына да беріледі деп жатыр. Егер сондай болса, мал азығымен де жұмыстануға болады. Халыққа тиімді болып тұр, тұрғындар мал бағуға қызыға бастады.

Енді тұрғындар қой шаруашылығына да бөлек кооператив құруға кірісті. Қазірдің өзінде 50 шақты асыл тұқымды қошқар әкелінген. Ұсақ малға да мемлекеттен субсдия қарастырылған. Сәйкесінше, шаруалар бұл қаражатты бақташының жалақысы мен малдың жем-шөбін дайындауға жұмсай алады.

Авторлар: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов

 

Хабар 24 телеарнасы