Жамбылда жол белгілері жаппай ұрланып жатыр

Өңірде бір жылға жетпей 700-ге жуық жол белгісі қолды болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұрылар майда-шүйде заттарды қойып, ірі темірлерді тонауға көшкен. Жауапты мекеме өкілдері осылай деп дабыл қақты. Жол белгілерінің ұрлығы Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолында дендеп тұр. Ұрылар жол жиегіндегі темір заттың бәрін қояр емес. 

Жауапты «Қазавтожол» мекемесінің мәліметінше, дәретханаларға орнатылған жарық жүйелерінің жартысы қолды болған. Тіпті ұрлықтың дендегені сонша ірі көлемдегі құрал-жабдықтарға көшкен.

Дәурен Төлтаев, «Қазавтожол"» ҰК АҚ ЖОФ директорының орынбасары:

– Әлі де тиылмай тұр. Себебі бір түнде 70 жол белгісін түбімен қадасынан, Audi маркалы көлігі бар жергілікті Қордай ауданының 2 азаматы балгаркамен кесіп, ұрлап жатқан жерінен ұсталды.

Тиісті жол белгілері болмаған жағдайда полицейлер жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тартып жатыр. Ал шенділер белгілердің орнатылғанын айтады. Бірақ жиі ұрланады.

Айта кету керек, қазір тәртіп сақшылары белгіден бөлек сапасыз жол үшін де шенеуніктерді жазалауға көшкен. Аймақта облыстық маңызы бар жолдарда 639, ал республикалық маңызы бар трассаларда 762 кемшілік анықталған.

Жайдарбек Құттыбаев, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:

– Айыппұлдардың түгелдей салынған сомасы 3 млн 71 мың теңге. Меркі ауданы Т.Рысқұлов елді мекені маңында жол жасалған. Жол белгілері қойылмаған. Жол белгілері мынау жол қауіпсіздігін сақтауға көп әсер етеді. Сол себептен мекемелерге салынды. Тараз қалалық ЖКХ бөлімінің басшысына салынды.

Облыста жол белгілерінің жоқтығы, асфальт-бетон жабындысының талапқа сай болмауы, жол жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілуіне қатысты 200-ге жуық лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Авторлар: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә