Жаңаөзенде жедел жәрдем жүргізушілері жалақының аздығына наразы

Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген азаматтар шағымын әлеуметтік желілерге жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

– Базар, нарық. Бәрі көтеріліп жатыр. 100 мың айлықпен семья баға алмаймыз. Облыстық станция директоры бұл мәселеден хабардар.

Айдарбек Шыршықбаевтың айтуынша, көлік жүргізушілері 100 мың теңге айлық алады. Ал пандемия кезінде ұжым қызметкерлерін 3 топқа бөліп, 212 мың, 500 мыңнан бастап 825 мың теңгеге дейін қосымша ақы төленген. Биылғы тамызда елде эпидахуал тұрақталған соң сала министрлігі қосымша жоспар жасақтап, қосымша ақы мөлшерін 50 процентке қысқартқан. Бұйрыққа қол қойылған соң ақша төленуі тиіс.

Айдарбек Шыршықбаев, облыстық жедел жәрдем станциясының директоры:

– Осы жоба шыққаннан бері бұйрыққа қол қойылған жоқ. 12 қарашаға дейін талқылауда болады. Содан кейін барып министрлікпен бекітіледі. Бекітілгеннен кейін коронавируспен күресте қызмет етіп жүрген адамдарға сағаттық қатысуымен қосымша ақша төленеді. Денсаулық сақтау министрлігінен бұйрық қарашаның аяғында болмаса желтоқсан басында шықса да, қосымша берілетін ақша 1 қазаннан бастап есептеледі.

Осы мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барып, жағдайды тексеріп жатыр. Бұл туралы вице-министр Ажар Ғиният айтты.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

– Коронавирусқа қатысқан жедел жәрдем станциясында жұмыс істейтін қызметкерлер барлық өзіне керекті қосымша ақыларын алып отырды. Бұл жерде қазіргі түскен ақпаратқа байланысты емханаларда болуы керек мобильді топтардың дұрыс емес станцияларда құрылғаны жөнінде ақпарат бар. Қаншалықты дұрыс екенін қазір бағана кеткен жұмыс тобы шешетін болады. Негізі бұл біздің министрліктің берген бұйрығына қарсы. Сондықтан бұл мәселе сол жерде шешілетін болады.