434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Солтүстікқазақстандықтар Қызыл кітапқа енген бірқазанды құтқарды

  • 73
  • UPD: 22:37, 12.11.2021

Жылы жаққа ұша алмай қалған сирек кездесетін құс бірнеше күн бойы ауылды паналаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі ауа-райы суытып, өңірдегі өзен-көлдердің бетіне мұз қатты. Сирек кездесетін құс алғашында Воскресеновка ауылындағы үйлердің бірінің шатырына қонақтаған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша құс адамдардан көмек сұрағандай болған

Оксана Гайнутдинова, Воскресеновка ауылының тұрғыны:

– Бірқазанды алғаш көруіміз. Бәріміз қызықтап суретке түстік. Жылы жерге кіргізейік деген едік, ұстатпай ұшып кете берді. Бірақ ауылдан ұзап кетпеді. Міне тағы да біздің аулаға қайта оралды.

Жылы жаққа бет алған бірқазан үйірінен айырылып қалған. Өздігімен ұшуға да қауқары жетпеген көрінеді. Сондықтан жергілікті халық оны камераға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап, көмек сұраған.

Қызыл кітапқа еніп, ерекше қорғалатын құсты ауыл халқы бірнеше күн бойы ұстай алмапты. Ал аудан орталығынан келген табиғат қорғаушылары оны оп-оңай қолға түсірді.

Кейін қанаттыны жедел түрде облыс орталығына жеткізді. Орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясындағылар айдын еркесін қыста да қатпайтын арыққа жіберді.

Олег Баспалов, Орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

– Бірқазан біздің облыста ұя баспайды. Тек адасып, қалып қойған болуы керек. Қазір оны жасанды жылы каналға әкелдік. Ол ешқашан қатпайды. Оның үстіне мұнда балық бар. Яғни құстар үшін өте ыңғайлы орын.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан біренше күн бұрын қанаты қатаймай мұз құрсауында қалған аққуларды да мамандар осын жерге әкелген болатын.

Авторлар: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы