Қостанайда бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттаған республикалық лекторий өтті

Ғылыми-сарапшылар тобы жергілікті этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесіп, қоғам алдындағы түрлі мәселелерді талқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елордалық сарапшылардың Қостанайға екі күндік сапары өте мазмұнды болды. Олар қалада ғана емес ауыл-аймақтарға шығып, өндіріс, білім, қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті. Облыстағы түрлі этностың әр саладағы жетістіктер көрмесін тамашалады. Барлық жерде әңгімеге арқау болған негізгі тақырып - қоғамдық бірлік пен татулықты нығайту.

Олар оқу орындарында болып, елімізде қалыптасқан ұлтаралық, конфессияаралық қарым-қатынастың маңызы жайында әңгімеледі.

Қалкаман Жақып, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

– Еліміздегі көп этносты, олардың арасындағы бірлікті, татулықты, тұтастықты сақтау және де алға қарай дамыту. Міне, бүгінде осы тақырыпта әңгіме жалғасты. Бір ауыздан достықты, татулықты сақтаушы да, этностарды ұйыстырушы фактор мемлекеттік тіл болуы тиіс.

Кездесу барысында Қазақстан халқы ассамблеясының маңызы туралы да сөз болды.

Сарапшылардың айтуынша, бұл құрылымның тұжырымдамасына толықтырулар енгізіліп отыр. Енді тек қоғамды біріктіру ғана емес, бірегей саяси азаматтық ұлт қалыптастыруға басымдық берілетін болады. Халық арасына жік салатын мәселелерді дер кезінде анықтап, оны жоюға баса назар аударылады.

Нәзипа Шанай, ҚХА аналар кеңесінің төрайымы:

– Қоғамның санасына қарайтын болсақ, біз ұлтпен бөліспейміз, Көршіміздің қандай ұлт екендігі біз үшін ешқандай айырмашылығы жоқ. Ол жақсы адам ба немесе жаман адам ба деп қана қараймыз. Қандай да бір сызат түсіретін жағдайларды жою керек. Лекторийдің негізігі мақсаты сол.

Республикалық лекторий Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналып өткізіліп отыр. Елордалық сарапшылар еліміздің барлық өңірлерін аралап шықпақ. Ал кейін жергілікті ғылыми-сарапшылар кеңесі бұл жұмысты ауыл-аймақтарда жалғастырады.

Авторлар: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг