Ақтөбедегі сall-орталыққа 300-ден астам қоңырау түсті

Ақтөбеде Ресейден әкелінген көлікке қойылатын талаптарды түсіндіретін сall-орталық жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Орталық мамандары 300-ден астам қоңырау қабылдады. Ал алғашқы күні шетелдік көліктерді пайдалану мәселесі бойынша 180 қоңырау келіп түсті. Азаматтар call-орталығына хабарласып, Ресейден әкелінген автомобильдерді пайдалану және тіркеу бойынша сұрақтарын қойып, кеңес ала алады. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің базасынан көлігінің Ресей Федерациясында есепте тұрған-тұрмағанын біле алады.

Ақтөбе облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Вячеслав Бикмухановтың айтуынша, жүргізушілер негізінен Ресей Федерациясындағы автокөлікті есептен қалай шығаруға және Қазақстанда құжаттарды қалай ресімдеуге болатыны туралы сұраған. Айта кетейік, полиция көршілес елдердің автокөліктерінің арасында сот үкімімен шектелген немесе есептен шығарылған көліктер көп екенін ескертеді. Мұндай автокөліктерді тіркеуден кейін ғана пайдалануға болады. Сонымен қатар тәртіп сақшылары көрші елдерден шетелдік көліктер ұрлануы мүмкін екендігін де айтты.