434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Елордадағы бірқатар тұрғын үй кешенінде жолдардың сапасы сын көтермейді

  • 131
  • UPD: 11:44, 13.11.2021

Елордадағы бірқатар тұрғын үй кешенінде ішкі жолдардың сапасы сын көтермейді. Ашынған тұрғындардың айтуынша, үйді салған компанияның «мәселені шешіп береміз» деген сөзі құрғақ уәде болып шықты. Жергілікті әкімдік те жыр болған жолдың жағдайын қадағалаймыз деп сендірген. Сонымен шұрық-тесік жолдарды кім бітеуі керек? 

Атауы жоқ бұл көше «Манхеттен 1» және «Манхеттен 5» тұрғын үй кешендерінің арасында орналасқан. Бірақ шұрық-тесік жолын көрсеңіз, Нью-Йорктің иісі де шықпайды. Асфальт жабындысын осыдан 2 жыл бұрын төсеген. Құрылыс жұмыстары кезінде біраз бөлігі бүлінген. Учаскені қазір 6 бірдей кешеннің тұрғындары пайдаланады. Биік көліктер өтер, бірақ жеңіл көліктер қайтпек? Жаңбыр жауғанда әр ойық лайға толады. Кімнің еңбегі болса да жолды махаббатпен істегені көрініп тұр. Жергілікті тұрғындардың мысқылмен айтудан басқа амалы қалмапты.

Мадина Әбішева, басқарушы компанияның директоры:

- Бізге әкім Берік Оралұлы келіп, жиналыс өткізді. Оған «Джи-Парк» ЖШС өкілдері, қалалық жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мамандары қатысты. «Джи-Парк» өкілдері шұрық-тесік жолды жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтап береміз деп уәде берген. Қоқыс төгетін контейнерлердің орнын терезе алдынан басқа аумаққа ауыстырамыз деп те сендірді. 

Расымен, Есіл ауданы әкімінің биыл 8 маусым күні жағдайды жеке бақылауына алатыны туралы пост жариялағаны бар. Бірақ қарашаның қара суығында ойық ішіндегі лай мұз боп қататыны белгілі. Компания басшысы һәм мәслихат депутатын бас шаһардағы іс-шаралардың бірінде кездестіріп қалдық. Уақыты тығыз болған соң сұрақты төтесінен қоюға тура келді. 

Ғабит Сатмағамбетов, құрылыс компаниясының бас директоры:

- Мен бірден түсіндіріп өтейін. Компания жол жөндеумен айналыспайды. Басында кіріп шығуға қолайлы болсын деп өзіміз үшін жасадық. Бұл сұрақты егжей-тегжейлі және барлық тараптың қатысуымен жан-жақты қарау қажет. Қызыл сызық шеңберінде біз жол жөндеуге міндеттіміз. Қызыл сызықтан тыс тұрған жер бұл қаланың аумағы. Менің ол жерге жол салуыма еш қақым жоқ.

Проблеманың жәй-жапсарын білу үшін қалалық әкімдікке хабарластық. Ол жақтағылар бізді Есіл ауданы әкімдігіне жіберді. Берік Жәкеновпен кездесу бұйырмады. Орнына инфрақұрылым бөлімінің бас маманын шығарып берді. Оның сөзіне қарағанда, мәселе ақшаға келіп тірелген сияқты. 

Руслан Сардаров, Есіл аудандық инфрақұрылым бөлімінің бас маманы:

- Тұрғын үй кешендеріне апаратын шағын жолды құрылыс компаниясы салған соң соңғысы асфальт жабындысын қаланың коммуналдық меншігіне өтеусіз негізде тапсыруы керек болатын. Учаске аумағынан көше салуға арналған қызыл сызық өтіп жатыр. Бірақ жол бетіне асфальт төселуіне байланысты көлік басқармасы ол жаққа барып жөндеу жұмыстарын жүргізе алмайды. Сондықтан «Джи-Парк» компаниясы жол үстіндегі асфальт жабындысын қала меншігіне тегін өткізуі қажет. Бұл процесті олардың не себепті созбалап жатқаны туралы ақпарат менде жоқ. 

Тағы да құрылыс компаниясына хабарласқан едік, бұл жолы ондағылар пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартты. Сұрақ ашық күйінде қалды. Қалалық әкімдік бұрын шешуі тиіс суағарлар мәселесінің де өзектілігі осындай тозығы жеткен жолдардың кесірінен білініп қалуда. Өйткені суағарға ағуы керек лай су асфальт ойықтарына жиналып жатыр. Тесікті ешкім бітей алмаса, жаңа тұрғын үй кешендерін арығымен бірге салуға не кедергі деген сауал туындайды мұндайда. 

Мирлан Алтынбек, Асхат Ниязов, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы