Волейболдан журналистер арасында БАҚ Лига ойындары басталды

Бүгін елордада волейболдан журналистер арасында БАҚ Лига ойындары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған доп додасына бас-аяғы 12 команда қатысып жатыр. Медиа саласының өкілдері бұған дейін түрлі спорттық бәсекелерде төбе көрсетіп келеді. Соның айқын мысалы ретінде дәстүрлі футбол жарыстарын айтуға болады. Ал бұл жолы олар ала допты аяғында емес, алақанында ойнатты. «Мұндай сайыстар сала мамандарының ауызбіршілігін арттырып, олардың жан-жақты болуына ықпал етеді» дейді ұйымдастырушылар. Үздік командалар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында анықталады.

Азиз Жұмаділ, «БАҚ Лига» қоғамдық қорының жетекшісі:

– Біз 12 команданы алты-алтыдан екі топқа бөлдік. Бұл жерде жеңілген команда деген болмайды. Бұл не үшін керек?  Бұл бірінші кезекте спортпен айналысудан бөлек, әріптестеріміздің өзара байланыс орнатып, ынтымақтастықты арттыруы үшін керек. Бейресми кездесу болып отыр. Сенбі, жексенді күндерін осындай тимбилдингке арнап отырмыз.