Түркістанда Жамбыл облысының мәдениет күндері басталды

Түркістанда Жамбыл облысының мәдениет күндері басталды, деп хабарлайды «Хабар 24». Көшпелі көрме, мерекелік концерт пен түйелер керуенін тамашалаған тұрғындар өткен дәуірге сапарлады. Жамбылдықтар ежелгі Тараз қаласының орнынан табылған құнды жәдігерлерді де әкелген.

Тараз – Қазақтың ежелгі қалаларының бірі. Баһадүр батырлар, ұлттық киім киген ақсақалдар, сыланған сұлулар салтанаты Орта ғасырдан сыр шертеді. Тараздан Түркістанға Ұлы Жібек жолымен келген керуен шараның ажарын аша түсті.

Мәдениет күндері аясында қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Жамбылдық шеберлер өздерінің үздік туындыларын, музыкалық аспаптар мен кәдесыйларын әкелген.

Қазы Маманкөзов, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

– Шеберлердің жұмыстарын көріп, шабытың оянып, жұмысқа деген құлшынысың артады. Басқа жұмыстарды көру арқылы ойыңа түрлі идеялар келеді. Немесе өз өнеріңді көрсету арқылы халықтың ризашылығын алып, мерейің өсіп, қуанып қаласың.

Ежелгі Тараз қаласының орнынан табылған құнды жәдігерлерді түркістандықтарға таныстыруға арнайы әкелген. Көшпелі мұражайға келгендер орта ғасырда қолданылған алтын-күміс теңгелер мен қыш ыдыстарды, тарихтан сыр шертетін түрлі бұйымдарды тамашалай алады.

Нұрлан Бықыбаев, Тараз қаласының тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры:

–150-ге жуық экспонат әкеліп отырмыз. Соның ішінде әр түрлі алтын-күміс, археологиялық қазба жұмыстарынан табылған құнды дүниелеріміздә әкелдік. Нумизматикалық теңгелеріміз, тиындарымыз, сонымен қоса тарихи орындарымыз бар. Айша-бибі, Қарахан кесенелерінің макеттерін әкелдік.

Мерекелік шараның тағы бір ерекшелігі – кітап көрмесі. Мұнда Жамбыл облысының топырағынан түлеген Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза және Мырзатай Жолдасбеков сынды белгілі мемлекет қайраткерлерінің шығармалары қойылыпты.

Бейбіт Тұрарова, Түркістан қаласының тұрғыны:

– Өте керемет. Міне, бас киімдер алдық, кәдесыйларын алдық. Бағалары да жақсы, қымбат емес. Осындай шараларжиі болып тұрса ғой. Облыс, қалалар арасындағы қарым-қатынастың одан әрі нығая түсуіне септігін тигізеді.

Жамбыл облысынан келген қонақтар Түркістанда екі күн болады. Осы уақыт ішінде олар тек жәрмеңке, көрмелермен ғана емес, мерекелік концертпен де тұрғындардың көңілін көтермек.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Рауль Габитов, Ерболат Абишов