Елде азық-түлік бағасы тұрақтала бастады 

Кейінгі екі аптада елде азық-түлік бағасының өсімі тіркелген жоқ. Керісінше, картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат секілді көкөністер аздап арзандаған. Бұл туралы бүгін азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселелері бойынша кеңесте айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірлерде «айналым схемасын» қаржыландыру 47,9 млрд теңгеге жетті. Нысаналы деңгей 95,7%-ке қамтамасыз етілді. Бағаның негізсіз өсуімен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де күресіп жатыр. Өткен аптада өзара сөз байласып жұмыртқа бағасын көтермек болды деген күдікпен 7 құс фабрикасына қатысты тергеу бастады. Сондай-ақ тауық жұмыртқасы, құс еті және қант нарығы субъектілеріне12 ескерту хабарлама жіберілді.

Премьер-министр азық-түлік бағасын төмендетіп, инфляцияны 8,5 процент деңгейінде ұстап тұру бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Бұған қоса жергілікті атқарушы органдарға бес айға жететін азық-түлік қорын әзірлеу жөнінде тапсырма берді.