Алматыда «Ваш весь Федор Достоевский» фильмінің тұсаукесері өтті

Алматыдағы Kinopark 11 Imax Esentai кинотеатрында «Ваш весь Федор Достоевский» фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьера әлем әдебиеті классигінің туғанына 200 жыл толуына орайластырылды. Фильм «ЭМО» қоғамдық қорының тапсырысы бойынша Қазақстан православ шіркеуінің қолдауымен түсірілген.

Премьера алдында шағын үнсіз сахна қойылды. Бұл интерпретация көрерменді Федор Достоевскийдің әлеміне бағыттайды. Фильмде жазушы тағдырының ең ауыр кезеңдері қамтылған. Өмірге келген Мәскеу қаласынан бастап, ату жазасына кесілген Петербор қаласы, Омскідегі каторга – картинаның өзегіне айналған. Әсіресе, жазушының қазақ жері – Семейдегі рухани түлеуі жеке сахна ретінде көрініс тапқан.

Константин Харалампидис, «Ваш весь Фёдор Достоевский» фильмінің режиссері

– Достоевскийдің Шоқан Уәлихановпен Омскіде танысуы, одан әрі Семейдегі кездесулерін толық сахна ретінде көрсеттік. Бұл сахнаны жасауды 20-ғасырдың басында фильмнің алғашқы режиссері армандаған. Біз оны жүзеге асырдық. «Шоқанға арналған» сахнада атақты орыс хоры Абай өлеңіне жазылған әнді орындайды.

Басты рөлдегі актер – атақты ресейлік биші Владимир Беляйкин. Шоқан Уәлиханов рөлінде – Қарағанды орыс драма театрының жетекшісі Данай Еспаев. Фильм өне бойы вокал мен музыкамен сүйемелденген.

Владимир Беляйкин, актер:

– Достоевский шығармаларын терең ирониямен, сезіне отырып оқысаңыз, қорықпайсыз. Және бұл сіздің қорғанысыңыз болады, өмірдегі күйзелістерге иммунитет қалыптасады.

Достоевскийдің өмірін кітап бетінен ғана емес, енді экраннан көруге мүмкіндік бар. Алайда, бұл деректі фильм бе әлде көркем картина ма? Бір анығы – фильмдегі деректер жазушының жеке тағдырынан алынды. Бірақ тамаша актерлік шеберлік картинаның көркемдігін арттырған. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов