Маңғыстау облысында кәсіпкерлік нысандары тексерілді

Мұнайлыда газ пайдаланатын кәсіпкерлік нысандары тексеріле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жақында осы өңірде болған жарылыс екі қабатты ғимаратты қиратқаны белгілі. Сондықтан қырағылықты арттырған жөн. Мамандар қазір мейрамхана, көлік жөндеу орталықтары секілді көпішілік орындарды аралап өрт қауіпсіздігін сақтауды түсіндіріп жүр. Жұмыс тобы алдымен Басқұдық ауылындағы көлік жөндейтін орталықтарға барды. Мұнда газ балондар қаз қатар тұр әрі қоршаусыз, ашық жатыр. Мамандар кәсіпкерге балонның қаншалықты қауіпті екенін айтып, тиісті нұсқаулықтар берді.

Көбейсін Пержанов, кәсіпкер:

– Осыны сақтап қойдық, болмаса жаздың күні далада қоямыз. Мынаның бәрін салыңдар, шланка таза тұрсын деді.

Басқұдық ауылында көпшілік жиналатын орын көп. Көше бойына мейрамхана, дәмхана жағалай орналасқан. Жұмыс тобы барған бұл нысандар балон пайдаланбайтын болып шықты. Орталықтандырылған көгілдір отынға қосылған.

Алайда мамандардың айтуынша, жылыту пештерінен де қауіп аз емес.

Қарлыға Бердіханова, мейрамхананың әкімшісі:

– Басқұдық ауылындағы мейрамханамыз, бізді газ құбырымен пайдаланамыз. Датчиктер бар. Адам көп келетіндіктен қауіпсіздікке мән береміз, газ балон қолданбаймыз.

Нұрберген Сақтағанов, Мұнайлы аудандық төтенше жағдай бөлімінің бас маманы:

– Аудан бойынша барлығы 15 сауда орталығы мен автокөлікке қызмет көрсету орталықтарына үгіт-насихат жүргізілді. Бізде сауда орталықтары мен тамақтану орталықтары орталықтандырылған газ жүйесіне қосылған. Газ балонды автокөлікті қызмет көрсету орталықтарында ғана пайдаланды. Оларға кішігірім түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аудан тұрғындарына айтарымыз, өрт қауіпсіздігін сақтаңыздар!

Мұнайлы ауданы бойынша 6000-нан астам кәсіпкерлік нысаны бар. Оның 300-дейі осы Басқұдық ауылында орналасқан. Ауыл әкімінің айтуынша, түсіндіру жұмыстары күнделікті жүргізіледі.

Жамбыл Құрманов, Басқұдық ауылдық округінің әкімі:

– Өрт қауіпсіздігінің алдын-алу мақсатында аудан әкімі жанынан жедел штаб өтті. Тапсырмаға сәйкес 315-тің 112-сін тексердік, түсіндірдік. Кәсіпкерлік нысандарға ешқандай шара қолдана алмаймыз, мараторий бар. Орындаймыз деп кәсіпкерлер түсіністікпен қарайды.

Тексеру жұмыстары енді аудандағы тұрғын үйлерге де жүргізіледі. Сақтықта қорлық жоқ. Мамандар халыққа жылу пешін пайдалану ережелерін түсіндірмек. Себебі 2019 жылы Батыр ауылында бүтін бір отбасы газдан уланып қалған еді. Ал күні кеше газ балонынан жойқын жарылыс болып, бір ғимаратты күл етті. Абырой болғанда адам шығыны болмады. Енді шара облыс көлемінде жалғаспақ.

Авторлар: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев