Атырауда «Ұстаз» мектебі ашылды

Мұнайлы өңірде ер балаларды мұғалімдікке баулитын мектеп ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қанатқақты жобаны жергілікті жоғары оқу орны қолға алған. Себебі қазір мектептерде ер мұғалімдер азайып кеткен. Жалпы қазір ел бойынша сабақ беріп жүрген 347 мыңнан астам ұстаздың 82-83 проценті қыз-келіншектер екен.  

Бұған дайын «Жалғансай» ауылдық мектебінде оқыған 11 сынып оқушысы Мағжан Есенжан жаңа ортаға тез үйреніп кетіпті. Ол «Ұстаз» мектебіне оқушы қабылдап жатқан хабарды білген бойда қалаға келіп арнайы сынақ тапсырған. Себебі ауыл мектептеріне қарағанда мұнда мүмкіндік мол дейді оқушы.

Мағжан Есенжан, мектеп оқушысы:

– Мысалы, мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болғалы отырғандықтан, университеттен ағылшын тілінің маманы келіп бізге дәріс береді. Сондай-ақ химия, физика пәндерін таңдап отырған оқушыларға да көптеген зертханалар жұмыс істеп жатыр. Студенттік өмірге үйреніп жатырмыз. Жатаханада тұрып, студенттер секілді әр ай сайын сынақ тапсырамыз.

Әзірге мұнда 65 оқушы оқиды. Олар жаратылыстану-математика, қоғамдық-гуммантиралық бағыттар бойынша тереңдетілген білім алуда. Келешекте оқушы санын 100-ге жеткізу жоспарда бар. Ол үшін арнайы сынақ-тест дайындалған.

Сәния Қалуова, мектеп директоры:

– Оқуға қабылдауда өзіндік ерекшеліктері бар. Биыл орташа білім балымен және өзіндік қабілеттер бар балаларды қабылдаған болатынбыз. Мектебіміздің өзіндік ерекшелігі, біріншіден жалпыға міндетті білім беру стандартымен қоса, балаларға кәсіптік бағыт-бағдар береміз.

Атырауда ер мұғалімдерге деген қажеттілік өте жоғары. Бүгінде мұнайлы өңірдегі 11,5 мыңнан астам ұстаздың тек 1300-і ғана ер азамат екен. Осыған орай жергілікті билік университет басшылығымен келісіп, ұрпақ тәрбиесі үшін ерекше маңызға ие осы бастаманы қолға алыпты.

Бақытгүл Хаменова, облыс әкімінің орынбасары:

– Мектепте тек қыздар ғана оқымайды ғой. Сондықтан да ұлдың рухын көтеретін, ұлдың тәрбиесіне мән беретін жалпы, ұстаз кейде ата-ананың ролін де атқарады. Ең дарынды деген ауыл балалары қазір осы жерде өздерінің білімдерін шыңдап жатыр. Математика, логика, қазақ, ағылшын тілінен балалар тегін білім алып, жатаханада жатады. Осы жерде барлығын қамтамасыз етіп жатырмыз.

Биыл қабылданған оқушылардың басым бөлігі қалаға жақын маңайдағы аудандардың балалары екен. Келер жылдан бастап мектептің педагогикалық кеңесі алыс ауылдарды аралап қабілетті ұландарды іріктеуді қолға алмақ. Бұл алдымен балаларына ақылы білім әперуге қолы қысқа ата-аналар үшін өте тиімді. Басты талап - баланың оқуға ынтасы, мұғалім мамандығына құлшынысы болса жеткілікті.

Авторлар: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин