Ақтөбелік альтурист тұрғындар үшін тегін тур ұйымдастырып жүр

Ақтөбе тұрғыны Еркебұлан Аймұратұлы облыс аумағындағы белгілі нысандарды жұртқа әйгілеп, туристік орынға айналдыруды көздейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің қай өңірі болсын тұнып тұрған тарих. Киелі мекендер де жетіп артылады. Жас жігіт әзірге тек жергілікті тұрғындар үшін тур ұйымдастырып жүр. Туризм саласы дамуы үшін жергілікті тұрғындардың өзі еліміздің көз тартар жерлерін жақсы білуі тиіс. Сонда  ғана бүгінгі күннің жаршысы – әлеуметтік желілер арқылы жарнама жер шарының түкпір-түкпіріне жетеді. Бұл ретте балалар мен жасөспірімдерге тегін тур ұйымдастыруды Еркебұлан Аймұратұлы болашаққа инвестиция дейді. Бүлдіршіндер табиғаттың таңқалдырар ізінен бөлек терең тарихты да зерттеуге мүмкіндік алады. Сондықтан биыл 500-ден астам оқушыға ашық аспан астындағы танымдық сабақ ұйымдастырған.

Еркебұлан Аймұратұлы, қала тұрғыны:

– Білім басқармасымен келісіп отырып жасадық. Мысалы Ойылдың балаларын Байғанинге апардық, Қобданың балаларын Мәртөкке апардық. Мәртөктің балаларын Қобдаға әкелдік. Ең көп бала сол Аққұмға барды. Оны енді көбісі жергілікті Дубай дейді. Өте әдемі.

Ғылыми-фантастикалық фильмдер үшін таптырмас декорация сынды Ақтолағай аталатын бұл жартастар Байғанин ауданында орналасқан. Барған жандар сұлулығы Маңғыстау түбегіндегі Бозжырадан асып түспесе, кем емес дейді. Алайда тас жолдан жырақта болғандықтан кез келген жанның өз бетімен жетуі екіталай. Бірақ экстремалды туризмнің қатарына еніп, көпшіліктің сұранысына ие болуда. Дегенмен тиісті инфрақұрылымы қалыптаспай туристтердің легін қабылдауға ерте.

Мұрат Сағадинов, қала тұрғыны:

– Ақтолағайдан өте керемет әсер алдым. Біздің Қазақстанда осындай жерлердің бар екеніне мен қуаныштымын. Бірақ бірі білсе, бірі білмейді. Сол себептен осындай жерлерді біз жарнамалауымыз керек. Алдағы уақытта ол жер де дамып, квадрациклдер, басқа туристтер келіп қонатын қонақүйлер болса, өте керемет болатын еді.

Қазір Ақтөбе облысында 6 туристтік бағыт бекітілген. Байғаниндегі Аққұм мен Ақтолағай, Ырғыздағы Жаманшың кратері мен батырлар мекені саналатын Қобда, Ойылдағы Барқын мен Мәртөктің орман-тоғайлары, жан-жануары көпшіліктің көзін тартады. Сондықтан соңғы екі жылда туризм саласындағы 7 жоба мемлекет қолдауына ие болып, 30 миллион теңге көлемінде грант бөлінген. Тиісті инженерлік желілерді жүргізу үшін 130 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр.

Нұрхан Тілеумұратов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

– Қазір бұл салаға айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Мәселен, келер жылдан бастап қонақүй құрылысына жұмсалатын инвестициялық қаржының 30 миллионға дейінгі сомасына субсидия берілетін болады. Егер кәсіпкер туристтік көліктер сатып алса, құнының 25 процентіне дейін қайтарылады. Шипажайларды да қолдау қарастырылған.

Еркебұлан Аймұратұлы туған жердің де таңдай қағып, тамсанар тұстарын туристтер үшін тартымды етуге болатындығына сенімді. Мектеп оқушыларынан бөлек әлеуметтік әлжуаз топ қатарындағы жастар үшін ұйымдастырған тегін тур кезінде де оған көзі жеткен. Инфрақұрылым мәселесі шешімін тапса, шетелден де қонақтардың ағылатындығы сөзсіз. Дегенмен карантиндік шектеулерге қарамастан биылдың өзінде Ақтөбе облысына 100 мыңға жуық турист келген.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков